2014 жылдан бері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшыларына 11,15 трлн теңгеден астам таза инвестициялық табыс есептелді, деп хабарлайды dalanews.kz.
БЖЗҚ мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Ұлттық банк зейнетақы активтерін басқару нәтижесінде 2014 жылғы 1 сәуірден бері алынған таза инвестициялық табыс 11,15 трлн теңгеден асты. Зейнетақы төлемдерін ескергенде, оның салымшылардың жалпы жинағындағы үлесі 41,4%-ды құрады.
Соңғы 12 айдың қорытындысы бойынша міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан активтерден 2,51 трлн теңгеге жуық инвестициялық табыс есептелді. Бұл кезеңдегі кірістілік 10,29% болған.
Ал жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан активтер бойынша соңғы бір жылдағы инвестициялық табыс 122,77 млрд теңгені, ал кірістілік 16,84%-ды құрады.
БЖЗҚ қысқа мерзімдегі кірістілік көрсеткіштері активтерді басқару тиімділігін толық бағалауға мүмкіндік бермейтінін атап өтті. Себебі бағалы қағаздар мен валюта бағамдарының құбылуы қысқа кезеңдегі нәтижеге әсер етеді. Сондықтан инвестициялық табысты ұзақ мерзім бойынша бағалау орынды саналады.
Қордың мәліметіне сәйкес, 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылғаннан бері 2026 жылғы 1 шілдеге дейінгі жиынтық инвестициялық кірістілік 1 109,05% болса, осы кезеңдегі инфляция 995,04% деңгейінде қалыптасты.
Салымшылардың міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша жинақтарының 50%-ына дейін, ал ерікті жарналар бойынша 100%-ына дейінгі қаражатты жеке инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға беру құқығы бар.
БЖЗҚ инвестициялық табыс туралы ақпаратты салымшылар қордың ресми сайтындағы жеке кабинеттен немесе мобильді қосымша арқылы көре алатынын хабарлады.