Бюджетті үнемдеу: Саяси партияларды қаржыландыру тәртібіне өзгеріс енгізілмек

Кәмшат Тілеухан 17 қаз. 2024 14:52 2769

Қазақстанда саяси партияларды бюджет есебінен қаржыландыру тәртібіне өзгерістер енгізілмек. Тиісті өзгеріс қамтылған құжатта бұл бюджет жүктемесін азайту үшін жасалып отырғаны айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Осы сипаттағы қаулы мәтінін қоғамдық талқыға ұсына отырып, ҚР Орталық сайлау комиссиясы "Ашық НҚА" сайтына орналастырды.

Бүгіндері саяси партияларды бюджеттік қаржыландыру ең төменгі жалақы мөлшеріне сүйене отырып, есептеледі. Атап айтқанда, ол саяси партияларға дауыс беру кезінде сайлаушының берген әрбір дауысы үшін ЕТЖ-ның 3%-ын ескере отырып айқындалады. Ал жаңа өзгеріске сәйкес, енді есепті ең төменгі есептік көрсеткішті (0,65 бөлігі) пайдалану арқылы жүргізу көзделіп отыр.

"Саяси партиялардың қызметін қаржыландыруға бөлінетін бюджет қаражатының мөлшері тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңда, соңғы сайлаудың қорытындылары бойынша Парламент Мәжілісінде өкілдік ететін саяси партияларға дауыс беру кезінде берілген әрбір сайлаушы дауысы үшін айлық есептік көрсеткіштің 0,65 есебінен айқындалады", делінген құжатта. 

Бұл өзгеріс Мемлекет басшысының әлеуметтік, медициналық, салық және басқа салаларда ең төменгі жалақыны есептік көрсеткіш ретінде пайдаланбау туралы тапсырмасына сай енгізіліп отыр. 

Дегенмен, есептің жаңа тәртібі қаржы сомасына айтарлықтай әсер етпейтін сынды. Мәселен, 2024 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрады. Сәйкесінше, оның 3 пайызы – 2550 теңге. Айлық есептік көрсеткіш мәні 2024 жылы 3692 теңгеге тең. Оның 0,65 бөлігі 2399,8 теңге. Айырма – 150 теңге шамасында. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар