Заңгер Данияр Байғабатов Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың тағдырын шешетін үш сұрақты айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Заңгердің сөзінше, әрбір айыпталушы бойынша келесі үш сұрақ қойылады:
- қылмыстың болғаны дәлелденді ме;
- бұл қылмысты сотталушы жасағаны дәлелденген бе;
- сотталушы бұл қылмысты жасағаны үшін кінәлі ме?
10 мамырдағы сот отырысында не болады?
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 653-бабының 1-бөлігіне сәйкес алқабилер мәселелерді талқылау және тұжырымдау уақытында сот отырысы залынан шығарылады.
ҚІЖК-нің 653-бабының екінші бөлігіне сәйкес әрбір тарап сұрақтардың мазмұны мен тұжырымы бойынша өз ескертулерін айтады, сондай-ақ олар жаңа сұрақтар қою туралы ұсыныстар жасайды.
Судья тараптардың ескертулері мен ұсыныстарын назарға ала отырып, кеңесу бөлмесінде мәселелерді түпкілікті тұжырымдай отырып, оларды сұрақ парағына жазады және оған қол қояды. Залға оралғаннан кейін судья тараптар мен алқабилердің қатысуымен сұрақ парағын жариялайды.
Осыдан кейін сұрақтар тұжырымын өзгертуге, сұрақ парағынан сұрақтарды алып тастауға, оған жаңа сұрақтарды енгізуге жол берілмейді.