Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжанов амнистияға ілікті

Көркем Алдабергенова 30 шіл. 2025 11:43

Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжанов амнистияға ілікті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Степногорск қалалық соты Бахытжан Байжановтың амнистияға ілігу туралы өтінішін қанағаттандырды. Ол бұл өтінішін Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай жазған.

Сот отырысында колония өкілі сотталған азаматтың тәртібі жақсы екенін, марапаттары мен оң мінездемесі барын атап өтті.

Байжанов жазасының екі жылға жуығын өтеп үлгерген. Сот шешімімен оның мерзімі 8 ай 8 күнге қысқартылды. Енді ол қамауда тағы 1 жыл 4 ай 17 күн отырады.

Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты аса ауыр қылмысты – адам өлтіруді – алдын ала уағдаласпай жасырып қалғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Амнистия туралы заңға сәйкес, осы санаттағы қылмыспен сотталғандарға жаза мерзімін 1/5 бөлікке қысқарту қарастырылған. Бұл шамамен 9 айға тең.

Бахытжан Байжанов 2023 жылдың 11 қарашасынан бері қамауда отыр. Ал үкім 2024 жылдың 26 маусымында заңды күшіне енді. Осы екі аралықтағы уақыт бір жарым күн ретінде есептеледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар