Әйелін ұрып өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысы болып жатыр. Сотта жантүршігерлік деректер де жария етілді. Ашық сот отырыстарына Нүкенованың туыстары және Қуандық Бишімбаевтың анасы қатысып жатыр.
"Жас Алаш" газетінің тілшісі Бишімбаевтың ата-анасы қандай бизнестерге қатысы барын тексеріп көрген, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Уәлихан Бишімбаев – белгілі ұстаз. Бірнеше жыл әртүрлі жоғары оқу орнында ректор болған. 2006 және 2007 жылдары "Жоғары оқу орындарының үздік ректоры" атанған. Ғылым және техника саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 1994-1996 жылдары – Қызылорда облыстық мәслихатының, 2003-2012 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының, 2012-2016 жылдары парламент мәжілісінің депутаты болған.
"Уәлихан Бишімбаев атында ешқандай бизнес тіркелмеген. Бұл әулеттің кәсібін экс-министрдің анасы Әлмира Нұрлыбекова басқарады. Оның атында ресми 6 компания бар", - деп жазылған басылым мәліметінде.
Ашық дереккөз
Қуандық Бишімбаевтың анасы Әлмира Нұрлыбекованың компаниялары
- "Техникалық лицей" жеке мекемесі
Шымкент қаласының Әділет департаменті 2002 жылғы 15 тамызда тіркеуден өткізген. Құрылтайшысы – Нурлыбекова Альмира Балтабаевна. Мекеме білім беру саласындағы қызмет түрімен айналысады. Мекен-жайы – Шымкент қаласы, әл-Фараби ауданы, Қазыбек би көшесі, 33. 2023 жылғы ақша айналымы 1 990 363 487 теңге. Былтыр 40 619 663 теңге салық төлеген. Мемлекеттен 2021 жылы 174 618 862 теңгеге бес, 2022 жылы 104 944 344 теңгеге бір келісімшарт алып орындаған.
- Alawwal Partners Ltd жеке компаниясы
Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Компания экономиканың әртүрлі салаларында және инвестициялық қызметте қаржылық қызмет көрсетеді. Мекенжайы – Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 55/21. Директоры – Ибраев Канат Болатбекович. Құрылтайшылары – ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі Тулеушин Каныш Аманбаевич, "Documentolog" ЖШС бас директорының қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары Мадиев Сержан Нураханович және экс-министрдің анасы Нурлыбекова Альмира Балтабаевна. Компанияның 2023 жылғы ақша айналымы 57 628 116 теңге. Былтыр 1 176 084 теңге салық төлеген. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.
Ашық дереккөз
- Success ABN жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасы 2021 жылғы 25 мамырда тіркеуден өткізген. Директоры – Байжанов Бахытжан Амирханович. Құрылтайшылары арасында Қуандық Бишімбаевтың анасы Нурлыбекова Альмира Балтабаевна, онымен бірге қамауға алынған ағасы Байжанов Бахытжан Амирханович және Жасузаков Нурлан Кулжанович бар. Мекенжайы – Астана қаласы, Айнакөл көшесі, 60. Кәсіпорынның былтырғы ақша айналымы 100 121 631 теңге. Төлеген салығы – 1 902 311 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары туралы мәлімет жоқ.
- "Наубет-ІІ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Түркістан облысы бойынша филиалының Ордабасы аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінде алғаш рет 2003 жылы 27 мамырда, кейіннен 2011 жылы 30 қыркүйекте тіркеуден өткен. Директоры – Нурлыбекова Альмира Балтабаевна. Құрылтайшысы да өзі. Мекенжайы – Түркістан облысы, Шұбарсу ауылы, Агросад алабы-1. Кәсіпорын дәнді дақылдарды өсірумен, оның ішінде тұқым шаруашылығымен айналысады. 2022 жылы кәсіпорын мемлекет қазынасына 14 645 теңге салық төлеген. Одан кейінгі компанияның ақша айналымы және мемлекеттен алған келісімшарттары туралы мәлімет кездеспейді.
- "Оңтүстік Қазақстан сапа ұйым" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Шымкент қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2005 жылы 21 қазанда тіркеуден өткен. Директоры әрі құрылтайшысы – Нурлыбекова Альмира Балтабаевна. Кәсіптік, ғылыми және техникалық қызметпен айналысады. Мекенжайы – Шымкент қаласы, әл-Фараби ауданы, Қазыбек би көшесі, 33. Фармацевтикалық өндіріспен айналысқан. Қазіргі күнде компания қызметін тоқтатқан болу керек, 7 жылдан бері салық төлемеген. Тек 2017 жылы ғана 42 750 теңге мемлекет қазынасына аударыпты. Алған келісімшарттары да жоқ.
- "Немецкий дом" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Шымкент қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2006 жылғы 16 қарашада тіркеуден өткен. Директоры – Нурлыбекова Альмира Балтабаевна. Құрылтайшысы жоқ. Мекенжайы – Шымкент қаласы, әл-Фараби ауданы, Қазыбек би көшесі, 33. Компания қызметін тоқтатқан. Оның ақша айналымы, төлеген салығы туралы мәліметтер кездеспейді. Әлмира Нұрлыбекованың жоғарыдағы компаниялардан бөлек тағы 2 ЖШС-ға қатысы болған.
Олар: "EZy Park" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2019 жылы 23 желтоқсанда алғаш рет, кейіннен 2024 жылы 14 наурызда қайта тіркеуден өткен. Директоры – Ибраев Канат Болатбекович. Құрылтайшылары –Мадиев Сержан Нураханович; Ахметжанов Азамат Бирлесович, Абдуллин Тасболат Аманжолович, Малик Кайрат Камилулы, Оспанов Алий Маратович. Құрылтайшыларының арасында экс-министрдің анасы болған. Бірақ БАҚ-тағы кейбір мәліметтерге қарағанда Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін Нұрлыбекова Әлмира құрылтай мүшелігінен шығып кеткен. Мекенжайы – Астана қаласы, Достық көшесі, 16 П. Кәсіпорынның 2023 жылғы ақша айналымы 1 903 723 010 теңге. Төлеген салығы – 38 851 890 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді. Дәл осы ЖШС-ға тиесілі "Гастроцентрде" Салтанат Нүкенова қаза тапқан BAU мейрамханасы орналасқан.
Бұдан бөлек, экс-министрдің анасы SAPA Logistics жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де құрылтай мүшесі болған. Кейінгі тіркеуде бұл компания құрылтай мүшелігінен шығып кеткен.
"Бірақ бәрібір кәсіпорын Бишімбаевтарға тиесілі. Себебі Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2024 жылы 2 ақпанда соңғы рет тіркеуден өткен компанияның директоры Досмагамбетов Арман Сагингалиевич. Құрылтайшылары – экс-министрдің нағашысы Сұлтан Нұрлыбектің жұбайы Адилова Карлыгаш Канатбековна және оның туысы Адилов Ерсаин Канатбекович. Осы жерде айта кетейік, Қуандық Бишімбаев 2017 жылы ірі көлемде пара алды деп сотталғанда онымен бірге 22 адам кінәлі деп табылған еді. Соның ішінде кәсіпкер Сұлтан Нұрлыбек те 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын", - деп жазылған басылым мәліметінде.
SAPA Logistics құрамында 100-ге жуық адам жұмыс істейді, компания қоймаларды жалға береді. Кәсіпорын бірнеше жылдан бері қарқынды дамып келеді. Мысалы, 2023 жылғы ақша айналымы - 7 815 253 736 теңге. Төлеген салығы – 148 489 821 теңге. 3 жыл бойы қатарынан 150 млн теңгеге жуық салық төлеп келеді. Жалпы төлеген салығы – 745 399 504 теңге.
"Бұдан бөлек, 2019 жылы Шымкенттегі New Astana сауда орталығының ғимараты Әлмира Нұрлыбекованың атына тіркелген екен. Бұл жерде ломбард, киім-кешек және тұрмыстық техника дүкендері, сондай-ақ, шахмат мектебі бар. Қазіргі сауда орнына экс-министрдің анасының ресми түрде қатысы жоқ", - деп жазылған мәліметте.