Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары апелляцияға бермек. Қорғаушы жақтың барлық құжат пен үкімді зерттеуге 28 мамырға дейін уақыты бар. Бұл туралы Бишімбаевтың адвокаттарының бірі Ерлан Ғазымжанов айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін де экс-министрдің адвокаттары апелляцияға беретінін мәлімдеген еді. Алайда уақыты нақты белгісіз болды.
"Әлі уақыт бар. Барлық деректі зерттейміз. Апелляция маусымда өтеді деп ойлаймын. Өтінімнен кейін тағы бірнеше процедурадан өту керек. Ол бір айдан аспауы керек", - дейді адвокат ztb.kz-ке сұхбатында.
Сонымен қатар, Ғазымжановтың айтуынша, сот қорғаушы тарапқа алқабилердің дауыс беру нәтижелерін ашып айтпайды. Оның сөзінше, бұл апелляциялық процесте негізгі кілт болар еді.
"Біз қанша "қарсы" және "келіскен" дауыс берілгенін білмейміз. Осы деректерді білмей үкімге қалай шағымдануға болады? Теория бойынша судья алқабилердің пікіріне қайшы үкім шығаруы мүмкін. Біз оны тексере алмаймыз. Қолданыстағы заңнамада бұл ақпаратты алуға тыйым жоқ. Заңда судья мұны істеуге міндетті екені жазылмаған. Бірақ бұл бірнәрсені жасыру керек дегенді де білдірмейді, - деп түсіндірді ол.
Еске салайық, былтыр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен қамауға алынған еді. Оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.
Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды:
- аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
- қорлау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).