Желіде экс-министр Қуандық Бишімбаев изоляторда отырып төбелес шығарғаны туралы ақпарат тараған еді. Ақпаратқа ҚАЖК өкілдері жауап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік туралы ескертеді", - деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова да бұл жалған ақпарат екенін мәлімдеді. Қоғамдық қорғаушы Бауыржан Мусин де бұл ақпаратты теріске шығарды.
"Қазір ғана ҚАЖД басшысына хабарластым, ол мұндай жағдай тіркелмегенін айтты", - деді ол.
Сонымен қатар, адвокаттың сөзінше, апелляция шешімі күшіне енгеннен кейін Бишімбаев "Аршалы" колониясына ауыстыруы мүмкін.
Еске салайық, 26 маусымда Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық істің апелляциялық сот отырысы болған еді. Алайда олардың апелляциялық өтініші қанағаттандырылмады.
Қуандық Бишімбаев 24 жылға, інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталған болатын.