Бишімбаев көлікпен бала қаққан ба?

Бишімбаев көлікпен бала қаққан ба?
Жоғарғы соттың баспасөз қызметі

Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырыстарының бірінде марқұм Салтанат Нүкенованың анасы Бишімбаев көлікпен бала қаққаны жөнінде айтқан еді. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұл ақпарат тексерілгенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"(Бишімбаев - еск.) көлікпен бала қағып кетті деген ақпаратқа тоқталайын. Бұл ақпарат расталмады. Марқұмның (Салтанат Нүкенованың - еск.) туыстарымен, оның ішінде ағасымен де сөйлестік. Ақпарат қайдан шыққанын тексердік. Бірақ онда басқа жағдай туралы айтылған. Сондықтан бұл ақпарат расталмады", - деді Игорь Лепеха Мәжілістің жалпы отырысынан соң.

Бұған дейін жәбірленуші тарап өкілі Бишімбаев жауапкершіліктен құтылғанын да айтқан еді. Ал кейін ІІМ бұл ақпаратты тексеретінін мәлімдеді.

Сонымен қатар, экс-министр Қуандық Бишімбаев жүргізуші куәлігінен айырылмайды. Өйткені ол сотта мас күйде көлік тізгініне отырғанын мойындаған еді.

Бишімбаев алкогольге, есірткіге мас екенін дәлелдейтін куәландырудан өтпегені айтылған. Сондай-ақ, ІІМ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 608-бабы бойынша құқықбұзушылықтың құрамдас бөлігі мас күйде көлік тізгіндеу екенін еске салды.

"Медициналық куәландырудың ресми қорытындысы және ӘҚБтК-нің 608-бабында көзделген құқықбұзушылық құрамы болмаған, сондай-ақ, жауапқа тартудың мерзімі өткен кезде (ӘҚБтК-нің 62-бабы) адам осы бап бойынша әкімшілік жауапқа тартылмайды", - деді ІІМ өкілдері Tengrinews.kz-ке ресми жауапта.

4 сәуірде жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Оразбахованың сұрақтарына жауап берген Бишімбаев 9 қарашаға қараған түні "орташадан сәл жоғары" мас болғанын, бұл оның тізгінге отыруына кедергі болмағанын айтты.

"Яғни, сіз мас күйде көлік жүргіздіңіз, мен сізді дұрыс түсіндім бе?" - деп сұрады Оразбахова.

"Иә", - деп жауап берді Бишімбаев.