Астанада азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың кезекті сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот отырысын айыптаушы тараптың Бишімбаевтың тергеуден бас тартқанын мәлімдеуінен басталды.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, 2023 жылдың 19 желтоқсанында күдіктіні тергеу әрекеті жоспарланған.
"Алайда күдіктінің адвокатына хабарласқан соң, Бишімбаевтың әлі дайын еместігі және денсаулығына байланысты айғақтарды тексеруге барудан бас тартып отырғанын түсіндіреді. Осыған байланысты тергеу амалдары жүргізілген жоқ. 22 желтоқсанда да күдік дәлелдерін тексеру жоспарланған болатын. Бірақ кейінірек адвокаттар Бишімбаевтың куәлік беру үшін сол жерге баруға дайын емес екенін түсіндірді", - деді прокурор.
Осыған байланысты мемлекеттік айыптаушы сотталушыдан бірнеше рет бас тарту себебін түсіндіруді сұрады.
“Сол күндері өзімді өте жайсыз сезіндім. Шынымды айтсам, осы мәселені талқылаған қорғаушыларыммен сөйлескен кезде олардың маған көмектесе алатынын сезбедім. Сол уақытта болып жатқан хайптың кесірінен қарапайым қорғаушы да таба алмадым. “Соңғы кезеңде ғана білікті қорғаушылармен жолықтым және оларға сенім арта бастадым”, - деп жауап берді Бишімбаев.
Еске салайық, Қуандық Бишімбаевтың соты 12 алқабидің қатысуымен өтіп жатыр. Оның 10-ы негізгі, екеуі қосалқы. Олар 300 үміткердің арасынан таңдалды.
Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды: аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру); қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).
Айта кетейік, бүгін сот отырысында судья Айжан Күлбаева экс-министрдің адвокаттары Лейла Рамазанова мен Назкен Құсайынованы сот залына кіргізбей қойды.
Құсайынова 10 сәуірде өткен сот отырысында бүгінгі сот отырысын сағат 10.00-да бастауды сұраған. Алайда судья оның өтінішін қанағаттандырмай, сот отырысы әдеттегідей сағат 9.30-да басталатынын ескерткен болатын.
Сол себепті сот отырысында Бишімбаевтың қорғаушысы Ерлан Ғазымжанов қана төбе көрсетті.
"Бұған дейінгі сот отырыстарында сотқа кешігіп келуге болмайтыны бірнеше рет ескертілген болатын. Сот тікелей эфирден көрсетіліп жатқандықтан сот отырысы 9.30-да басталатынын біле тұра қорғаушылар кешігіп келді. Сондықтан олар сот залына кіре алмайды. Сот үзіліс жариялаған кезде олар сотқа қосыла алады", - дейді судья.
Ал Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов бұрын берілген өтініштердің қабылданбауына байланысты судья Айжан Күлбаевадан бас тартуды сұрады.
Алайда сот қорғаушының қарсылықтарын қабылдамады.
"Қорғаушы тарап процеске қатысушылардың барлығын жаңылыстыруда", - деп түсіндірді судья Айжан Күлбаева.
Судья алқабилерді сот залынан шығаруды бұйырды, осылайша сот отырысының трансляциясы үзілді.
Соттан бас тарту – судьяны істі қарауға қатысудан шеттету, егер ол істің нәтижесіне жеке (тікелей немесе жанама) мүдделі болса немесе оның бейтараптығына күмән тудыратын өзге де мән-жайлар болған жағдайда жүзеге асырылады.