Биоалуантүрлілікті қалай сақтаймыз?

Dalanews 12 ақп. 2016 07:06 2242

Геоботаника немесе фитоценология – жер бетіндегі өсімдіктердің жамылғысын, бірлестігін, қауымдастығын, олардың таралу заңдылықтарын, құрылымын, құрылысын және өсімдіктердің қоршаған ортамен байланысын зерттейтін ғылым. Бұрын Ауыл шаруашылық министрлігі жетекшілігімен совхоз және колхоз басшылары 10 жылда бір рет жоспарлы түрде өз аумақтарында міндетті геоботаникалық зерттеулер жүргізетін. Зерттеулер нәтижелеріне сай фитоценоздарда қандай өзгерулер болып жатқанын біліп, шара қолданып отыратын.

Бұл өз кезегінде, біріншіден, қазір маңызды күн тәртібіне енген биоалуантүрлілікті сақтау мен қорғауда өсімдік түрлеріне жасалған мониторинг болса, екіншіден, жайылымдық жерлердің нақты азықтық өнімділігін бағалау еді. Сол арқылы жайылымдардың сыйымдылығын есептеп, сол жерлерде жайылатын малдардың саны анықталатын. Қазір жердің басым бөлігі жеке шаруашылықтарға берілген, олардың бұл мәселеге көңіл бөлмеуінің себебінен жайылымдар тозып бар жатыр.

Мемлекеттік бағдарламаларда ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мен нарықтық айналымға енгізу, ауыл шаруашылық жерлерін пайдалануда тұрақты түрде мониторинг жүргізу қарастырылған. Сонымен бірге Үкіметтің дағдарыс кезінде ауыл шаруашылық саласын қолдау бағдарламалары бұл салаға тың серпін берсе, ауыл шаруашылық өнімін өндірушілер үшін Қазақстан мен Қытай арасындағы келісімге сай Қорғас кеден бекетінен Қытайға ауыл шаруашылық және бал өнімдерін экспорттай алатынымыз жағымды жаңалық болып отыр. Жан саны миллиардтан асатын көршіміз біз үшін өте үлкен нарық және олар үшін табиғи, таза тағамдық өнім көзі болып есептелеміз. Алайда осы айтылған саланы өркендету жолында шешімі қиын мәселелер де бар, олардың бірі – жайылымдардың тозуы немесе жайылым қорларының дұрыс пайдаланылмауы.

Қазір Қазақстан Республикасында 188,59 млн гектарға жуық пайдалануға болатын табиғи жайылым бар. 2015 жылғы 1-қаңтарда ҚР ҰЭМ статистика жөніндегі комитетінің мәліметтеріне қарағанда республика аумағында шаруашылықтың барлық категориясында жылқы малының саны 1819,4 мың басты; ірі қара мал 5911,9 мың басты; қой 17215,4 мың басты, ешкілер 2332,9 мың басты, түйе 164,0 мың бас, құс 35 181,9 мың басты құрады. Алайда бұл жануарлардың ел аумағында таралуы біркелкі емес, кейбір облыстарда жайылымның қоры әрбір мал басына шаққанда 1 центнерге де жетпейді. Бұл, әсіресе, халық жиі қоныстанған және егін шаруашылығына жерді көп пайдаланатын аймақтарға қатысты болып тұр. Сол себептен бұл өңірлерде жайылымның тозуы белең алуда.

Екінші себеп, мал басы азайған кезде бұрынғыдай жаз жайлау, қыс қыстау дейтін отарлы мал шаруашылығын өзгеріске ұшыратып алғанымыз. Сондықтан қазір көп ауылдардың табын сиырлары мен қоралы қойлары жылдың төрт маусымында ауыл маңы жайылымында бағылып жатыр. Бұл – ет және сүт өнімдерінің сапасы мен ауыл халқының табысы өсуіне және  өнімдерді тұтынушылардың денсаулығына әсер етуде (Себебі, жайылым жетіспегендіктен, өнім өндірушілер малдарын қосымша азықтандыруға мәжбүр. Олар беретін егін шаруашылық өнімдерінің кейбір тұқымдары генетикалық модификацияланған, ал кейбір дақылдарға түсімін жоғарылату үшін химиялық тыңайтқыштар қолданылған. Оның үстіне мал басын артық өсіріп, өнімін базарға сала алмағандықтан, біз шетелдік өнімдерді пайдаланудамыз).

Үшіншіден, халық арасында «тұяқ кесті болу» аталып кеткен жайылымның тозуы сол өңірдегі пайдалы өсімдік түрлерінің құрып-жоғалуына әкелуде. Жоғарыда аталған себептер – тек ауыл шаруашылығында ғана емес, сонымен бірге омарта ұстап, бал өндірушілер үшін де маңызды мәселе. Осы аталған мәселелерді шешудің бір жолы, ол – геоботаникалық зерттеу жұмыстарын кеңірек, жоғары дәрежелі ұйымдастыру. Жүргізілетін зерттеу жұмыстарынан күтілетін нәтижелер мынандай болмақ: біріншіден, жергілікті және жалпы ел аумағындағы жайылымдық жерлердің сыйымдылығын есептеу, сол арқылы бағылатын мал санын белгілеуге болады; екіншіден, әр өңірдегі өсетін өсімдіктердің онтогенездік ерекшелігін ескере отырып, жайылым қорының шегін анықтауға мүмкіндік береді; үшіншіден, жайылымдық жерлердегі пайдалы өсімдік түрлерін (мал азықтық, балдық, техникалық, дәрілік т.б.) есепке ала отырып, шаруаларға қосымша кіріс көзін табуға мүмкіндік береді, төртіншіден, жергілікті улы және арамшөптер түрлерін анықтап, олардың зиянын болдырмау, санын көбейтпеу жағын қарастырады; бесіншіден, отарлы мал шаруашылығы мен ара шаруашылығы үшін әр жердегі эфемер, эфемероидтардың, басқа пайдалы өсімдік түрлерінің гүлдеу, жеміс беру мезгілдері мен қорларын сипаттап, алынатын өнімінің саны мен сапасын жоғарылатуға мүмкіндік береді; алтыншыдан, барлық адамзат баласының мойнына жүктелген биоалуантүрлілікті қорғау және сақтауға ұсыныстар жасалады; жетіншіден, сапалы геоботаникалық карталар жасалып және жиналған мәліметтер қорын жоғары оқу орындарының арнайы курстарында оқу материалы ретінде пайдалануға болады.

Ең бастысы, осы күтілетін нәтижелер бойынша елімізді экономикалық өрлеуге жол ашуға, Елбасы алға қойған «Ұлт жоспарының» орындалу бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыруға болады.

Әрине, геоботаникалық зерттеу жүргізу, ол, ең алдымен, арнайы бағдарламаны және қаржылық қолдауды қажет етеді. Сонымен бірге бұл жерде маман мәселесін де ескермесек болмайды. Бұрыннан геоботаникалық ғылыми зерттеу жұмыстарын арнайы ботаникалық зерттеу институттары және жоғары оқу орындарының қызметкерлері жүргізіп келді. Соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінің ғалымдары да мемлекеттік жобалар аясында бірнеше іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Алайда, олардың көбі ауыл шаруашылығына қатыссыз сирек кездесетін, реликті, эндемдік және дәрілік өсімдіктерге арналған зерттеу жұмыстары. Бүкіл Қазақстанға қажетті геоботаниктер бұрыннан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде дайындалып келеді. 2010 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да геоботаника мамандығының магистратурасы, 2012 жылы докторантурасы ашылды. Мемлекеттік оқу бағдарламаларына сай бакалаврдың 1, 2 жылдарында студенттер ботаника курсы бойынша дала-оқу практикасына жіберіледі және ботаника саласына қатысты дипломдық тақырып таңдаған студенттер 3, 4 курстарда өндірістік практикадан өтеді. Ботаникалық зерттеу әдіс-тәсілдерді жақсы меңгергендері геоботаника мамандығының магистратурасына түсіп, оқуын жалғастыра алады. Дегенмен, егер мемлекет жайылымдар мен биоалуантүрлілікті сақтауға қатысты ауқымды бағдарламаны қолға алса, әрине, бізде кадр тапшылығы туындайды, сол кезде геоботаника мамандығы бойынша бакалавр мамандығын ашу уақыт талабына айналады.

Наштай Мұхитдинов, биология ғылымдарының докторы, профессор,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, биология және биотехнология факультеті.

Әлібек ЫДЫРЫС, геоботаника мамандығы бойынша PhD докторы, оқытушы.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар