Оралда қаладағы бірқатар өзекті мәселелерді көтеру үшін бейбіт митинг өткізуді жоспарлап, әкімдікке ескерту хат жолдаған белсенділер биліктен бас тарту жауабын алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Жиын қорытындысы бойынша Орал қаласы әкімдігінің 25 тамыздағы қаулысымен митинг өткізуге рұқсат берілмеді. Сіздерге 30 тамыз күні сағат 12:00-ден 15:00-ге дейін "Қазақстанның даңқты қыздары"тсаябағында митинг өткізуге болмайды. Сонымен қатар белгіленген тәртіпті бұзу, рұқсатсыз алаңға шығу және бейбіт жиналыс немесе пикет ұйымдастыру ҚР ӘҚБтК-нің 488-бабында қарастырылған шараларға әкеледі", – деп жауап берді белсенділерге Орал қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Гиниятов.
Гиниятов Қазақстан Республикасының "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңындағы 14-баптың 1-тармағының 5-тармақшасына сілтеме жасаған. Бұл бапта бейбіт жиналыстарға рұқсат бермеуге "ақпараттың толық берілмеуі" немесе "жиналыс ұйымдастырушысының немесе оның өкілінің қолының болмауы" себеп бола алатыны жазылған. Дегенмен тұрғындарға жолданған ресми жауапта нақты себеп толық көрсетілмеген.
Белсенділер әлеуметтік желілерде 30 тамыз күні бағаның өсуін тоқтатуды, жалақы, зейнетақы мен жәрдемақыны көтеруді және саяси тұтқындарды босатуды талап еткен бейбіт митинг өткізуді жоспарлағандарын мәлімдеді.
Айта кетейік, 30 тамызда Қазақстанда Конституция күні аталып өтеді.