Биыл Түркістанда 160-қа жуық көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Ақтоты Жапатова 26 мау. 2025 09:42

Биыл Түркістан қаласында 159 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бүгінгі таңға дейін 44,6 шақырымды құрайтын 41 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2024 жылы 47,1 шақырым жол ретке келтіріліп, қанағаттанарлық жолдардың үлесі 50,3%-ға жеткен болатын. Аталған жұмыстар нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысымен көрсеткішті 66,7%-ға жеткізу көзделіп отыр. Бұл жайында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы брифингте мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

«Жалпы қалада инфрақұрылым саласында оң өзгерістер жетерлік. Бүгінгі таңда шаһардың кәріз жүйесімен қамтылу деңгейі – 36,5 пайыз, ал ауыз сумен қамтылуы 100 пайызды құрады. Электрмен қамту – 99,5 пайыз, табиғи газбен қамту – 98 пайыз деңгейінде. Бұл көрсеткіштерді жақсарта түсу мақсатында бірқатар ауқымды жұмыстар қолға алынуда» - деді спикер.

Жыл басынан бері қаланың жалпы өңірлік өнімі 159,5 млрд теңгені құрап, жан басына шаққанда 663,5 мың теңгеге жеткен. Өнеркәсіп саласында 40 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 25 млрд теңге, құрылыс жұмыстарының көлемі – 299,3 млрд теңге, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 434,6 мың шаршы метрді құрады. Сауда айналымы 157,9 млрд теңгеге жетсе, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 490 млрд теңгені құрады.

Сондай-ақ, шаһардағы арнайы экономикалық аймақта 9 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар нәтижесінде 2956 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, индустриалды аймақта 23 жоба іске асырылып, 961 адам жұмыспен қамтылды. Жоспарланған жобалар аясында шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен ірі кәсіпорындар құрылуда.

2025 жылдың алғашқы бес айында Түркістанға 1,1 млн турист келген. Шетелдік туристер саны 23,2 мың адамды құрады. Туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі 61,9 млрд теңгеге жетті. Қалада «Қолөнершілер қалашығы», «Күлтөбе қалашығы», аквапаркі бар қонақ үй кешені сынды туристік нысандардың құрылысы жүргізілуде.

Сонымен қатар, 2025 жылы 12 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 4 мектепте күрделі жөндеу, 7 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жеке инвестиция есебінен 27 мың тұрғынға қызмет көрсететін емхана мен оңалту орталығының құрылысы қыза түскен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар