Бір жылда (2024 жылғы ақпанға қарағанда 2025 жылғы ақпанда) жаңа тұрғын үйлер 4,8%, қолданыстағы пәтерлерді саудалау нарығында баға 5,4% өсті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі былтырғы тиісті аймен салыстырғанда 12% жоғарылады.
Өңірлер бөлінісінде жаңа тұрғын үйдің жылдық мәндегі бағасы Павлодар – 16,3% және Көкшетау қаласында15% едәуір қымбаттады. Қолданыстағы пәтер нарығында баға өсімінің көшін Атырау (18,7%), Қонаев (14,4%), ал тұрғын үйді жалға алу нарығында Талдықорған (31,1%), Астана (29,3%), Семей (22%) қалалары бастап тұр.
Бір айдың ішінде (2025 жылғы ақпан2025 жылғы қаңтарға) жаңа тұрғын үйді сату – 1%, ал пәтерлерді қайта сату 0,9% өсті.Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 0,6 қымбаттады.
2025 жылғы ақпан айында тұрғын үйді алып-сату бойынша 29 022 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 6 332 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 22 690 мәміле жасалды. 2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда (30 917) тұрғын үйді алып-сату көрсеткіші 6,1%-ға азайды. Мәмілелер саны бойынша Астана (5 702 – 19,6%) және Алматы (5 560 – 19,2%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 343 – 8,1%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 366 мәміле (1,3%).
2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда ақпанда ең көп өсім Павлодар (+17,3%), Солтүстік Қазақстан (+11,9%) және Алматы (+9,3%) облыстарында тіркелді. Ал бір айдағы ең көп төмендеу Қызылорда (-24,8%), Атырау (-23,9%) облыстарында және Астана (-12,9%) қаласында орын алды.
2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелер саны 8,4%-ға (2 074 мәмілеге) азайды. 2025 жылдың ақпан айында пәтерлер бойынша барлығы 22 690 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 78,2%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (24,7%), Алматы (22,5%) қалаларына және Қарағанды облысына (8,8%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2025 жылдың ақпан айында олар бойынша 8 647 мәміле ресімделген.
2025 жылғы қаңтармен салыстырғанда ақпанда жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 2,9%-ға (179 мәмілеге) өсті. Ақпанда барлығы 6 332 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең көп өсімі СҚО (+36,7%), Алматы қаласында (+27,1%) және Павлодар облысында (+21,8%) байқалды. Мәмілелер санының ең үлкен төмендеуі Ақтөбе (-27,4%), Қызылорда (-22%) және Атырау (-11,7%) облыстарында тіркелді.
2025 жылғы ақпанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері былтырғы ақпанмен салыстырғанда 5%-ға азайған, ол кезде 30 534 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Ұлытау облысында (51,2%) байқалды, ең үлкен төмендеу – Қызылорда облысында (-22,9%). 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы мәмілелер санын 2024 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы мәмілелер санымен салыстырғандағы төмендеу – 3,7%.