Биыл Алматы облысындағы егістік алқаптарының көлемі 427,7 мың гектарға жеткізілетін болады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 3,8 мың гектарға көп,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Негізгі өсім дәнді және жем-шөп дақылдарына тиесілі. Көктемгі жер жырту және ылғал жабу жұмыстары 357,2 мың гектар аумақта жоспарланған. Өсімдік шаруашылығы саласын қолдауға биыл жергілікті бюджеттен 3,4 млрд. теңге қаражат бөлінді. Қаражат тұқым шаруашылығын дамытуға, басым дақылдарды қолдауға және тыңайтқыштарды субсидиялауға бағытталады. Суармалы су құнын арзандатуға 750 млн теңге бөлінді.
Сонымен қатар, «Кең дала» бағдарламасы аясында аграршыларға 15,7 млрд теңге жеңілдетілген несие бөлінді, бүгінде «Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ-на 1,3 млрд. теңгеге 36 шаруашылық өтінімін өткізген. Қазіргі уақытта Алматы облысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық қызу жүріп жатыр, фермерлер қажетті тұқым қорымен қамтылған. Жеңілдетілген бағамен, яғни литрі 250 теңгеден 4 650 тонна дизель отыны бөлінді, мұнай базаларынан алу 20 наурызда басталады.
«Облыста 16,0 мың тонна минералды тыңайтқыш алынып, қосымша 77 шаруашылық «ҚазАзот» АҚ-мен 1334 тонна тыңайтқышқа келісім-шартқа отырған (Еңбекшіқазақ – 53 шаруашылық 1097 тонннаға, Ұйғыр – 22 шаруашылық 164 тоннаға, Іле – 2 шаруашылық 73 тоннаға). Жалпы биыл минералды тыңайтқышты қолдану көлемі 25%-ға ұлғайып, 60,8 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда. Біз ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға күш салудамыз. Бұл топырақ құнарлылығын сақтай отырып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту маңызды мәселе болып қала бермек. Қазіргі таңда облыстағы техниканың 58%-ы 25 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Осыған байланысты, биыл 665 жаңа ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу көзделуде. Фермерлер үшін қолайлы жағдай жасау басты мақсаттардың бірі болып табылады.
Су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны төмен. 2024 жылы жоспарланған 70,5 мың гектардың орнына тек 43,6 мың гектарға ғана енгізілді. 2025 жылы бұл көрсеткішті 93,6 мың гектарға жеткізу және жобалардың орындалуын қатаң бақылау жоспарланып отыр. Бақылауды күшейтіп, аграршыларға судың тапшылығын еңсеруге көмектесу үшін қосымша қаражат бөлінді.
2024 жылы облыстың ауыл шаруашылығына құйылған инвестициялар көлемі 25,1 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 41,2%-ға артты.
Азық-түлік өндірісіне салынған қаржы 19,2 млрд теңгені құрады. Инвестициялардың өсуі аграрлық сектордың тартымдылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Жергілікті билік фермерлерді ресурстармен, қаржыландырумен және инфрақұрылыммен қамтамасыз етті, енді ұсынылған қолдауды тиімді пайдаланып, егіс науқанын табысты өткізу қажет.