Таңғы ауысым басталар сәтте құрылыс алаңы оянады. Темірдің сықыры, мотордың гуілі, жерден аспанға созылған мұнаралар. Сол биіктің бірінде Айгүл отырады. Ол – кран жүргізушісі. Бұл мамандықты кездейсоқ таңдаған жоқ. Бала кезінен техникаға құмар болып өсті. Үлкен машиналардың, күрделі механизмдердің қалай жұмыс істейтінін көрген сайын жүрегі тартып тұратын. Сол қызығушылық оны осы жолға алып келді.
Алғаш рет кран тізгініне отырған күнін Айгүл әлі ұмытқан жоқ. Қорқыныштан бұрын қуаныш басым болды.
«Қатты қуандым, сүйсініп отырдым. Бұл өзім таңдаған мамандық болған соң, бойымда үрей болмады», – дейді ол.
Қазір оның әр күні биікте өтеді. Айгүл үшін жұмыс күні ауыр міндет емес, керісінше, өз орнын тапқан жанның тынысы. «Керемет өтеді» дейді қысқа ғана. Бірақ бұл сөздің артында жауапкершілік, тәртіп, үздіксіз зейін жатыр.
Бұл салада әйел болу оңай емес. Айгүл жалғызбасты ана ретінде қиындықты екі есе сезінеді. Ер адам да болу керек, әйел адам да болу керек сәттер болады. Ерлер басым ортада кейде ауыр сөз естисің, ренжитін күндер де аз емес. Бірақ ол мұны жүрегіне жақын алмайды.
«Мен олар үшін емес, бала-шағам үшін жүрмін. Уақытым жоқ бос әңгімеге», – дейді ол.
Кран жүргізу – қауіпті жұмыс. 380 вольт тоқ, биік саты, бір сәттік бейқамдықтың өзі орны толмас салдарға әкелуі мүмкін.
«Біз қателік жасамауға тырысамыз. Кран қателікті ешқашан кешірмейді. Сондықтан әр көтерілген жүкте, әр қозғалыста сақ боламыз. Жанымызды шүберекке түйіп, Аллаға шүкіршілік етіп отырамыз», – дейді Айгүл.
Осындай жауапкершілігі ауыр еңбектің өтеуі ретінде Айгүл ай сайын шамамен 700 мың теңге жалақы алады.
Оны осы салада ұстап тұрған басты күш мамандыққа деген махаббат. Өзі өсіп-өнген, нанын тауып отырған жолдан басқасына қызықпайды. Тіпті бұл саланы отбасына да әкелді.
«Осы салада бірінші болып өзім бастадым. Қазір барлық бауырларым осы жұмыста. Өзім тарттым. Шүкір Аллаға», – дейді ол мақтанышпен.
Айгүл үшін әйелдің бұл кәсіптегі «артықшылығы» жоқ. Өйткені жұмыс біреу, талап ортақ. Бірақ оның ең үлкен жетістігі еңбегінің арқасында үй алып, көлік мінуі, балаларын оқытып отырғаны.
«Сол жетістік мен үшін ең үлкен бақ. Аллаға шүкір», – дейді батыр ана.
Қыз балаларға бұл мамандықты ұсынуға асықпайды.
«Қыз бала нәзік болып жүргені жақсы. Бұл жұмыс ауыр», – деп қыздарға әпкелік кеңесін де беріп өтті.
Айгүлдің болашақтағы арманы қарапайым әрі биік.
«Балаларымды жетістікке жеткізу», – деп атап өтті өз арманын батыл әйел.
Биікте отырған әр күні тек жүк көтеріп қана қоймайды. Ол өз тағдырын, балаларының болашағын да биікке шығарып келеді. Айгүлдің өмірі бір нәрсені дәлелдейді: кран тізгіндеген әйел әлсіз емес, керісінше батыл, сабырлы және ең бастысы, өз жолын таңдаған адам.
