BYD көліктеріне қатысты дау: Мәжіліс депутаты мемлекеттік кірістер органдарын заңсыз әрекетке айыптады

BYD көліктеріне қатысты дау: Мәжіліс депутаты мемлекеттік кірістер органдарын заңсыз әрекетке айыптады
Колеса

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Қытайдан әкелінген BYD DESTROYER 05 гибридті көліктеріне байланысты туындаған дауға қатысты мемлекеттік кірістер органдарының әрекетін қатаң сынға алды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, жүздеген қазақстандық отбасы мен кәсіпкерлер бұрын заңды түрде рәсімделген көліктер үшін кейіннен миллиондаған теңге көлемінде қосымша төлемдер мен айыппұлдарға тап болған.

Депутаттың сөзінше, мәселе қарапайым азаматтар мен импорттаушылардың мемлекет берген ресми құжаттарға сеніп әрекет етуінен басталған. Көліктерді елге әкелмес бұрын олар Мемлекеттік кірістер департаментіне жүгініп, тауарды жіктеу бойынша ресми қорытынды алған. Кеден органдары қозғалтқыштардың қуатын анықтап, алдын ала шешім шығарған. Сол құжатқа сәйкес аталған көліктерге кедендік баж салығы нөл пайыз болған.

«Менің депутаттық сауалым жүздеген қазақстандық отбасы мен адал кәсіпкерлер мемлекеттік кірістер органдарының заңсыз әрі агрессивті әрекеттерінің салдарынан тап болған күрделі жағдайға байланысты жолданып отыр. Әңгіме BYD DESTROYER 05 маркалы көліктерге қатысты кейіннен жаппай баж салығы мен айыппұлдардың есептелуі туралы болып отыр», - деді Құспан.

Оның айтуынша, азаматтар мемлекет бекіткен шешімге сүйеніп, декларацияларды заң талаптарына сай толтырған, барлық міндетті төлемдерді төлеп, көліктерін ресми тіркеуден өткізген. Алайда біраз уақыттан кейін мемлекеттік кірістер органдары өздерінің бұрынғы шешімдерін жарамсыз деп танып, көлік иелеріне өткен кезеңдер үшін қосымша төлем талап ете бастаған.

Депутат мұндай шешімнің жаңа тәуелсіз сараптамаға емес, нарықтағы ресми дилер болып саналатын коммерциялық құрылымның хатына негізделгенін айтты. Оның пікірінше, бұл жағдай нарықтағы адал бәсекелестік қағидаттарына күмән туғызады.

«Олар өздерінің бұрынғы шешімдерін күшін жойды да, азаматтарға: “Біз қателесіппіз, енді үлкен көлемде баж салығын төлеңіздер” деді. Ең сорақысы, бұл шешім тәуелсіз сараптамаға емес, нарықтағы бәсекелес болып саналатын коммерциялық ұйымның хатына негізделген», - деді мәжілісмен.

Абзал Құспан Конституция мен қолданыстағы заңнама азаматтардың жағдайын нашарлататын нормаларға кері күш беруге тыйым салатынын еске салды. Соған қарамастан, оның сөзінше, кейбір мемлекеттік органдар заңдарды бюджет мүддесіне қарай түсіндіріп, қарапайым азаматтардың құқықтарын екінші орынға ысырып келеді.

Депутаттың мәліметінше, жағдайды ушықтырған тағы бір мәселе – азаматтардың банк шоттарын алдын ала ескертусіз бұғаттау. Оның айтуынша, көптеген адамдар тек карточкалары жабылғаннан кейін ғана өздеріне қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын білген.

«400-ден астам отбасы, 5 мыңнан астам азамат зардап шекті. Банктік шоттар бұғатталды, бизнес жұмысы тоқтады, адамдар тығырыққа тірелді. Бұл қоғамдағы наразылықты күшейтетін жағдай», - деді Құспан.

Мәжілісмен бұған дейін Қаржы министріне ресми сауал жолдап, мәселені министрлік деңгейінде қарауды талап еткенін айтты. Алайда оның сөзінше, нақты жауаптың орнына кездесу Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары деңгейінде өткізілмек болған.

Депутат бұл мәселе бұған дейін де қоғамда қызу талқыланғанын, оны депутаттар, қоғам белсенділері және бұқаралық ақпарат құралдары бірнеше рет көтергенін атап өтті. Сондықтан ол Үкіметтен Мемлекеттік кірістер комитеті мен өңірлік департаменттердің әрекетіне қызметтік тексеру жүргізуді, азаматтарға жолданған даулы хабарламаларды кері қайтарып, толық әрі ашық тексеру аяқталғанға дейін бұғатталған шоттарды ашуды талап етті.

Сонымен қатар Абзал Құспан салық органдарының әрекеттерінде жекелеген компанияларға артықшылық беру белгілері бар-жоғын тексеруді және заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды сұрады.

Еске салайық, 18 мамырда Мемлекеттік кірістер комитеті Қытайдан әкелінген BYD маркалы 623 гибридті көлік бойынша кедендік рәсімдеу кезінде заң бұзушылықтар анықталғанын мәлімдеп, 450 азаматқа тиісті хабарлама жолдаған болатын.