Бұрынғы антикор басшысының отбасы Дубайдағы элиталық пәтерге ие болды

Ақтоты Жапатова 25 жел. 2025 12:43

Бұрынғы Астананың сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдула мен оның отбасы Дубайдағы элиталық DAMAC Residenze ғимаратында қымбат пәтерге ие болды. Пәтердің құны шамамен 800 млн теңге деп бағаланып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz "Оff_shores" телеграм-арнасына сілтеме жасап.

Пәтер 19-қабатта орналасқан, екі жатын бөлмесі, үлкен қонақ бөлмесі мен лоджиясы бар. Сонымен қатар бір автотұрақ орны да қарастырылған. Ол 85 қабатты ғимаратта орналасқан және көпшілік терезесі Пальм Джумейра жасанды аралына қараған.

Апартамент ресми түрде Қабдула жұбайы Асель Сатыбалдықызының атына тіркелген. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі және Кайрат Сатыбалдының әпкесі болып табылады. Пәтер 2018 жылы 720 мың долларға сатып алынған, қазіргі нарықтағы бағасы шамамен 1,4 млн доллар.

Шыңғыс Қабдула 2018 жылы астаналық департаменттен орталық аппаратқа өтіп, орынбасар қызметін атқарған. 2020 жылы қайтадан департамент басшысы болып тағайындалған, бірақ 2022 жылы Назарбаев кланына қатысты тазалау кезінде қызметінен босатылған.

Сондай-ақ, Қайрат Сатыбалды мен оның жақындарының Дубайда бірнеше пәтерлері бар екені белгілі болды. SHAMS-4 тұрғын үй кешенінде Қайрат Сатыбалдының атында бір пәтер, ресми емес әйелі Әсел Бақтиярқызының атына үш пәтер, ал тағы бір әйелі Саида Қанатбекқызының атына екі пәтер тіркелген.

Бұған дейін Сатыбалдының Дубайдағы екі вилласының мемлекетке қайтарылғаны хабарланған, олардың құны 20 млрд теңге болған. 2022 жылы Дубайдағы Қазақстан азаматтарының жалпы 2700 мүлік объектісі тіркелген, олардың құны шамамен 1 млрд доллар.

Журналистік зерттеу Шыңғыс Қабдула отбасының шетелдік активтері мен жоғары лауазымды шенеуніктердің мүлік мәселесіне қатысты жаңа сұрақтарды туындатты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар