Бұрын сотталған экс-әкім Бақауов Павлодарда ескерткіш орнатуды ұсынды

Қаракөз Амантай 07 нау. 2024 11:08 3560

Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов Павлодар қаласында “Анаға тағзым” ескерткішін орнатуды тағы да ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол әлеуметтік желідегі жазбасында бұған дейін айтқан ұсыныс қайтадан ортаға салды.

“Қазақта “анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да, парызыңнан құтылмайсың” деген даналық сөзі бар. Бұның астарында терең мағына жатыр. Ана сәбиін дүниеге әкеліп, түн ұйқысын төрт бөліп өсіріп, оған тәрбие, білім беріп, ұядан ұшқанша бүкіл махаббатын сыйлайды.

Аналарымыз аштық, соғыс, тоқырау жылдарында көп қиындық көрді. Басқа күн туғанда ерлеріне қолдау болып, тыңбай еңбектеніп, бала-шағасың асырады. Аналарымыздың арқасында қазір ер жетіп, білім алып, адам болдық. Енді біз аналарымызға тағзым етіп, олардың ақ сүтін ақтау - парызымыз”, - деп жазды экс-әкім.

Айтуынша, бұл жоспар көптен бері ойында болған. Тіпті аймақтың зиялы қауымдары да қолдау көрсеткен көрінеді. 

“Осыдан бірнеше жыл бұрын Павлодар қаласының орталығында барша аналарға арнап “Анаға тағзым” атты ескерткіш орнату жоспарымда бар болатын. Аймақтың бүкіл зиялы қауымы осы ойымды құптап, қолдау көрсеткен еді. Ескерткіштің жобасын мүсінші Асқар Нартов дайындап үлгерді.  Бұл жақсы істі тағы бір мәрте көтергенді жөн деп санадым. Қаланың әдемі саябағында демеушілік қаражатқа аналарымызға арнап ескерткіш орнату қажет. Біріншіден бұл арқылы анаға құрмет, ілтипат білдіреміз, екіншіден өскелең ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие береміз. Ескерткіш ананы құрметтеу, сыйлау үлгісі болсын деген ойым бар”, - деді Болат Бақауов.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың мамыр айында Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауов ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген болатын. Бұрынғы шенеунік тергеумен мәмілеге келген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар