«Бурабайдың» құпия қожайындары: Маржықпаевтар отбасы жер дауына ілікті

Көркем Алдабергенова 09 мау. 2025 18:18

Ақмола облысында «Бурабай» ұлттық паркінің аумағындағы жер телімдеріне қатысты үлкен сот дауы басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz

Облыстық жер ресурстарын басқару департаменті кәсіпкер Майра Нұртуринаға, Болат Маржықпаевқа және Бурабай аудандық жер қатынастары бөліміне қатысты сотқа талап-арыз берген. Сотқа шағым түсіруге ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы жер телімдерін заңсыз түрде жеке тұлғаларға беру мәселесі себеп болған.

Заң бойынша, ұлттық парктер мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар халық меншігінде болуы тиіс және жеке меншікке берілмейді. Мұндай аумақты басқа санатқа ауыстыру тек ерекше жағдайларда ғана – Үкіметтің арнайы шешімімен және міндетті экологиялық сараптамадан кейін мүмкін. Бірақ бұл жолы аталған талаптар орындалмаған.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтың айтуынша, жер телімдерін беру кезінде экологиялық сараптаманың оң қорытындысы мен Үкімет шешімі мүлдем жоқ.

«ҚР Азаматтық кодексінің 158-бабына сәйкес, заң талаптарына сай келмейтін мәмілелер сот арқылы жарамсыз деп танылады. Егер мәміленің мақсаты құқықтық тәртіпке әдейі қайшы келсе, сот бұл келісімдерді заңсыз деп тануы тиіс», – дейді вице-министр.

Жер дауына қатысы бар Болат Маржықпаев – Ақмола облысының бұрынғы әкімі Ермек Маржықпаевтың туған бауыры болуы мүмкін деген ақпарат бар. Ермек Маржықпаев 2019–2023 жылдар аралығында Ақмола облысының әкімі қызметін атқарған, кейін Туризм және спорт министрі болды. Қазір Премьер-министрдің кеңесшісі ретінде қызмет етіп жүр.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Болат Маржықпаев «Береке-Бурабай» компаниясына 2009–2015 жылдар аралығында құрылтайшы болған. Бұл компанияға Бурабайда бірнеше қонақүй мен санаторий тиесілі екені белгілі. Атап айтсақ, «Grand Hotel Burabay», «Алем Плюс», «Нурсат», «Інжу» қонақүйлері және «Береке» санаторийі.

Ал 1995 жылдан 2008 жылға дейін бұл компанияны Ермек Маржықпаевтың өзі басқарса, 2015 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін оның жұбайы басқарып келеді.

Материал Nege.kz порталының ақпараты негізінде әзірленді. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар