Премьер-министр Олжас Бектенов халықаралық технологиялық қауымдастық – Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасанмен Қазақстанда халықаралық технологиялық хаб құру жобасын талқылады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Үкіметтің мәліметінше, кездесу барысында жасанды интеллект, білікті мамандар даярлау, технологиялық кәсіпкерлікті дамыту және стартаптарды қолдау бағытындағы ынтымақтастық мәселелері қаралған.
Тараптар Ақмола облысында халықаралық инновациялық хаб құрып, кейін жобаны Alatau City аумағына дейін кеңейту перспективаларын талқылаған.
Жоспар бойынша Network City технологиялық қалашығы Бурабай кентінде салынады. Жоба табиғи ландшафт пен қолданыстағы қала құрылысы шешімдерін ескере отырып, модульдік инфрақұрылым қағидатымен жүзеге асырылмақ.
Үкіметтің мәліметінше, жаңа алаң IT-мамандар, кәсіпкерлер мен зерттеушілердің басын қосатын орталыққа айналып, жұмыс істеуге, білім алуға және кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Баладжи Шринивасан Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы әлеуетіне жоғары баға беріп, елдің халықаралық капитал мен таланттарды тарту бағытында үлкен мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.