Тарбағатай ауданының "Елеке сазында" жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары жергілікті тұрғындардың өміріне, табиғатқа ешқандай зардабын тигізіп отырған жоқ. Бұл жөнінде мәселенің мән-жайын тереңірек білетін жауапты мамандар ресми ақпараттарға сүйене отырып мәлім етті.
Естеріңізде болса, жақында бір топ Көкжыра ауылының тұрғыны әлеуметтік желіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Әруақтарды күңірентпейік» деген тақырыпта ашық хат жазған. Ашық хатта белсенділер осы ауданның «Елеке сазы» деп аталатын жерінде 2017 жылдан бері жүргізіліп жатқан археологиялық жұмыстардың салдарынан, яғни қабірдегі әруақтарды мазалағандықтан жергілікті жерде өлім-жітім көбейіп, келеңсіз жағдайлар жиілеп кеткенін алға тартқан.
Алайда жауапты орындар тарапынан жүргізілген талдаулар мен нақты сандар қоғам белсенділерінің бұл дерегі ешқандай шындыққа жанаспайтынын дәлелдеп отыр.
– Талдау нәтижелеріне жүгінетін болсақ, аталған хатта айтылған ақпарат шындықтың ауылынан алыс екеніне көз жеткіземіз. Айталық, 2018-2020 жылдар аралығында Көкжыра ауылдық округіне қарасты елді мекендерде өз-өзіне қол жұмсаған бірде-бір жағдай тіркелмеген. Бұл аудандық полиция бөлімінің берген нақты ақпараты. Сондай-ақ қазба жұмыстарының кесірінен адам өліміне әкеліп соққан жол-көлік апаты жиілеп кетті деген дерек те расталған жоқ, – дейді аудан әкімі Серікқазы Садуақасов.
Осы жағдайға байланысты ғалымдар, тарихшылар, археоологтар, дін өкілдері және басқа да мамандар өздерінің пікірін білдіріп, желіде таралған желсөзге тоқтау айтып жатыр.
Тамыздың 10-ы күні құрамында Тарбағатай ауданының әкімі Серікқазы Садуақасов, тарих ғылымдарының докторы Әбдеш Төлеубаев, Семей өңірі бойынша өкіл имам Асқар Мұқанов және аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Сәуле Жакупжанова бар топ Көкжыра ауылының тұрғындарымен кездесіп, Елеке сазы жайлауындағы қазба жұмыстарына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Аудан әкімі С.Садуақасов тұрғындарға қазба жұмыстары Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында жүргізіліп жатқанын түсіндірсе, тарих ғылымдарының докторы Ә.Төлеубаев қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлердің тарихи, рухани және ғылыми маңыздылығына кеңінен тоқталып өтті.
Сонымен қатар, аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы С.Жакупжанова тұрғындарға Көкжыра ауылы бойынша кейінгі үш-төрт жылда тіркелген өз-өзіне қол жұмсау және психо-неврологиялық ауытқулары бар адамдар бойынша нақты ақпарат ұсынып, әлеуметтік желіде таралған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтып, халықты тыныштыққа шақырды.
– Өмір болған соң адамдар ауырады, қайтыс болып жатады. Бірақ оның бәрін тылсым дүниемен байланыстыру ақылға қонбайтын нәрсе. Мәселен, нақты деректерге сүйенсек, кейінгі екі жылда Көкжыра ауылында бірде-бір суицид тіркелмеген. Аудан бойынша, оның ішінде Көкжыра ауылдық округінде өлім-жітім деңгейі де өскен жоқ, бұрынғы қалпында. Көбейіп кетті деген жалған сөз, – деп түсіндірді аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Салтанат Жакупжанова.
Жиын соңында мамандар тұрғындардың көкейіндегі сауалдарға нақты жауап берді. Ал Көкжыра ауылының тұрғындары болса Президентке жолданған хатқа ешқайсысы қол қоймағанын, тіпті ол туралы енді ғана естіп тұрғандарын айтып таңырқады.