"Бүкіл ұлтқа үлгі болмауы тиіс". Танымал баспагер "Нурикамал" фильмін сынады

Сағыныш Сардарова 14 қар. 2024 15:17 4271

Қоғамда "Нурикамал" фильміне қатысты түрлі пікір бар. Ал AmalBooks баспасының негізін қалаушы, баспагер Бақытжан Бұқарбай фильмді сынап тастады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, әннің өзі, шығу тарихы ұнамайды, бұған себеп бар.

"Нұрикамал" киносы туралы көп жазып кетті. Баратын да, қарайтын да ой жоқ. Өйткені әні ұнамайды. Нақтырақ айтса, шығу тарихы ұнамайды. Үш баланың әкесі Нұрикамал есімді жас келіншекке ғашық болып қалады.

Ал ақын әйелі болса оның бұл махаббатын қолдап, күйеуінің атынан әлгі келіншекке арнап өлең жолдарын жазып беріпті. Мұны әйел даналығы деп көтермелеуге тырысуда. Кейбіреулер шығармашылық үшін отбасын неге құрбандыққа шалмасқа деп, мұны ерлікке телиді екен. Бұл мысалды дәріптейтіндерді түсіне алмадым", - деді ол.

AmalBooks баспасының негізін қалаушы "мұндай хикаялар күллі қазаққа үлгі болмауға тиіс" деген пікірде.

"Қазақтар, сендерге не болған? Күйеуінің тірлігін жеке басым сатқындық деп қабылдаймын. Әйелі мен бала-шаға алдындағы еркектің жауапкершілігі қайда қалды сонда? Өз басым мұндай азаматтарды түсінбеймін. Ал ақын әйелдің тірлігінде ешқандай даналықты байқап тұрғаным жоқ. Кейін үшеуі жақсы араласып кетті деп жазып жатыр.

Бір отбасы шеңберіндегі мұндай қарым-қатынастар бүкіл ұлтқа үлгі болмауы тиіс деп ойлаймын. Иә, өмір болған соң әртүрлі жағдай болады. Бірақ бәрін дәріптеу қажет емес", - деді баспагер.

Айта кетейік, 7 қарашадан бастап кинотеатрларда "Нурикамал" фильмі көрсетіле бастады. Оған ел арасында кеңінен таралған әйгілі әннің тарихы арқау болған.

Ал "Нурикамал" әнінің сөзін жазған әйгілі ақын - Ханбибі Есенқарақызы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар