Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді

Қаракөз Амантай 28 қаң. 2025 10:10 653

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен 2025 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Отырыс барысында еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалады.

Сонымен қатар, премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов және бірқатар өңірдің әкімдері баяндама жасайды.

Еске салайық,бұған дейін саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Үкімет отырысында көтерілуі тиіс негізгі мәселелерге тоқталған еді. 

Халықтың әл-ауқаты

Қазбек Майгелдиновтің пікірінше, өткен жылы инфляцияның жоғары болуы азаматтардың нақты табысының азаюына әсер етті.

“Осыған байланысты Мемлекет басшысы халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған жаңа әлеуметтік қолдау шараларын жариялауы мүмкін. Бұл елдің ішкі тұрақтылығы мен тұрғындардың жағдайын жақсартуда маңызды рөл атқарады”, — дейді саясаттанушы.

Майгелдиновтің айтуынша, мұнайға тәуелділікті азайту мақсатында әр аймақта өнеркәсіптік даму мәселесін шешу маңызды. Сонымен бірге экспорттық әлеуетті арттыру экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

“Жоғарыда айтылғандай, инфляция әрі бюджет тапшылығынан экономикамыздың осал тұстары жетіп артылады. Сондықтан еліміздің экономикасын әртараптандыру өте маңызды. Оны жай ғана сөзбен айтып қана қоймай, іс жүзінде шешімін іздеуіміз маңызды. Мысалы, мұнайға тәуелділігімізді азайту үшін әр аймақта өнеркәсіп мәселесін қолға алу қажет. Содан соң экспорттық әлеуетті арттыру мәселесі күн тәртібінде маңызды болуы керек. Бұның бәрі тұтас 17 аймақты қамтығаны жөн. Себебі бұл экономикамыздың тұрақтылығына тікелей әсер етеді”, — деп атап өтті ол.

Инфрақұрылымдық және энергетикалық даму

Оның сөзінше, энергетика, логистика және цифрландыру салалары бойынша нақты жобалар негізге алынуы қажет.

“Бұл жерде нақты жобалар, нақты тапсырмалар және нақты орындаушылар қажет. Өйткені жаңа жұмыс орындарының ашылуы, өнеркәсіптерде жаңа өнімдердің пайда болуы ел экономикасына оң әсерін тигізері сөзсіз. Инфляцияның салдарынан тұрғындардың сатып алу қабілеті төмендегендіктен, минималды жалақыны, зейнетақыны және әлеуметтік жәрдемақыларды ұлғайту мәселесі күн тәртібіне енгізілуі тиіс. Сондай-ақ, азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ауыл-аймақтарда сауда инфрақұрылымын дамыту қажет”, — дейді ол.

Салық саясаты және кәсіпкерлік

Саясаттанушы шағын және орта бизнестің экономикалық өсімнің негізгі тетігі екенін еске салды. Ол қосымша құн салығын арттырудың орнына, керісінше, салықтық және несиелік жеңілдіктерді қарастырып, кәсіпкерлікті жүргізудегі бюрократиялық кедергілерді азайту қажет екенін ұсынады.

“Экономикамыздың басты тетігі шағын және орта бизнес екенін ұмытпауымыз қажет. Осы тұрғыдан біз қазіргі қоғамда қатты талқыланып жатқан қосымша құн салығын 12%-дан 20%-ға өсіру емес, керісінше салық және несие жеңілдігі, жалпы мына бизнесті ашу және жүргізудегі процесседураларды жеңілдету, бюрократиялық тежегіштерді алып тастау мәселесі қаралуы керек. Егер кез келген кәсіп банкротқа жабыла беретін болса, ол экономикалық өсім әкелмейді”, — дейді саясаттанушы.

Тариф саясаты

Майгелдинов коммуналдық қызметтердің бағасын қайта қарау және оны төмендету маңызды екенін де алға тартты.

“Коммуналдық бағалар өсіп жатыр. Оның барлығы кез келген азаматтың қалтасына ауыр тиетіні анық. Ертеңгі күні бұл да әлеуметтің наразылықтың себебі болуы мүмкін”, — деп қосты ол.

Экономиканы дамытудың ұзақ мерзімді перспективаларына тоқталған Қазбек Майгелдинов Жасыл энергетика мен энергетикалық тәуелсіздікті арттыруға арналған инвестициялық жобалардың маңыздылығын атап өтті.

“Шикізаттық емес секторларды дамыту және аймақтар арасындағы теңсіздікті жою басты назарда болуы тиіс”, — дейді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар