Бүгін Қазақстанда бірқатар автожол жабық: қай бағыттарда қозғалыс шектелді?

Ақтоты Жапатова 21 нау. 2026 09:50

21 наурыз күні ауа райының қолайсыздығы мен мерекелік іс-шараларға байланысты еліміздің бірнеше өңірінде автокөлік қозғалысына шектеу енгізілді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz

2026 жылғы 21 наурыз сағат 08:30-дағы жағдай бойынша Ақмола облысында «Астана — Атбасар — Жақсы — Рузаевка — Сарыкөл — Қостанай — РФ шекарасы» автожолының 346-407 шақырым аралығында (Жақсы кентінен Солтүстік Қазақстан облысының шекарасына дейін) барлық көлік түрлерінің қозғалысы шектелді.

Солтүстік Қазақстан облысында осы бағыттың 407-429 шақырым аралығы (Ақмола облысы шекарасынан Чистополье ауылына дейін) жабық. Сонымен қатар «Тимирязево — Сарыкөл — Қостанай облысының шекарасы» автожолының 0-30 шақырым бөлігінде де қозғалысқа шектеу қойылды.

Павлодар облысында «Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы» автожолының «Қалқаман» жолайрығынан Қалқаман ауылына кіреберіс және Астана бағытына шығатын бөлігінде көлік қозғалысы уақытша тоқтатылған.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысындағы «Жезқазған — Арқалық — Петропавл» республикалық маңызы бар автожолының 701-706 шақырым аралығы (Новоишимское ауылы ішінде) Наурыз мерекесіне байланысты уақытша жабылды. Көлік қозғалысы «Саумалкөл — Қазанка — Новоишимское — Червонное» айналма жолы арқылы ұйымдастырылған.

Ал Шығыс Қазақстан облысында Осинов асуында (46-66 шақырым, Северный ауылы бұрылысы — Серебрянск қаласына дейін) қысқы кезеңге байланысты тіркемесі бар жүк көліктеріне қозғалысқа шектеу сақталып отыр.

Жол қызметтері жүргізушілерге сапарларын алдын ала жоспарлап, ауа райы мен жол жағдайын ескеруге кеңес берді. Қажет болған жағдайда балама бағыттарды пайдаланған жөн.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove