"Бұған кім сенеді?". Тоқаев "жазықсыз азаматтарды себепсіз қамады" дегендерген жауап берді

Dalanews 17 ақп. 2022 16:24 706

«Қазақстан» арнасындағы әріптесіміз Жайна Сламбекқызы «Қанды қаңтар» оқиғасы кезіндегі бейбіт шеруге қатысты, құқық қорғау органдарының шеру кезінде ұсталғандарды азаптау фактісіне қатысты да сұрақтар қойды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Күлбілтелемей бірден айтсақ, бұл азаптау фактілері туралы. Мысалы үшін өзіміз де көрдік. Әлеуметтік желілердегі видеоларды, жазбаларды сай-сүйегің сырқырап қарайсың. Әсіресе арқасына үтік басылған талдықорғандық Азамат Батырбаев деген жігітке қатысты. Осыдан хабардарсыз ба?» деді. Бұған Қасым-Жомарт Тоқаев былайша жауап қайырды:

– Иә, бұл мәселе жөнінде жақсы білемін. Кейбір азаматтарымыз

менің атыма бейне үндеу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. Мұны да біліп отырмын. Осыған байланысты мен Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім.

«Шаш ал десе, бас алатын» әрекеттерге жол беруге болмайды. Қоғамдық комиссиялар өз жұмысына кірісіп кетті. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, белгілі құқық қорғаушылар: Айман Омарова, Жеміс Тұрмағамбетова, Абзал Құспан және басқа да заңгерлер жиналып, арнайы комиссиялар құрды. Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр. Қоғамдық комиссияларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, хақымыз да жоқ. Билік те, құқық қорғау органдары да жұмыстарына араласпайды. Мен де араласпаймын.


Әрбір құқық бұзушылық дерегі бойынша шаралар қабылданады. Кінәлі адамдар жазаға тартылады. Мен үшін азаматтарымыздың құқығы аса маңызды. Әсіресе, қазіргі таңда мұны ең маңызды мәселе деп айтуға болады. Әрбір іс бойынша әділ шешім шығару мен үшін негізгі принцип болып табылады.

– Ал, бұзақыларға қатысты қандай іс-шаралар қабылданады?

– Бұзақылар туралы мәселеге келсек. Кейбір адамдар жазықсыз азаматтарды еш себепсіз қамауға алды деп ойлайды да, осындай жалған ұрандарды ел ішінде таратады. Бірақ, мынаны ұмытпауымыз керек, солардың ішінде лаңкестер де, қылмыскерлер де бар.

Қараңызшы, мыңдаған адам қаланы қиратып, нағыз террористік әрекеттерге барды. Бірақ, қазір бәрі жай ғана бейбіт азаматтар болып шықты. Бұған кім сенеді?


Жалпы, лаңкестерді, қарақшыларды халық қаһармандары, батырлары деп айтуға болмайды. Бұл – ешқандай шындыққа келмейтін жалған уәж. Егер біз ақиқатына көз жеткізбей, олардың айтқанына сенетін болсақ, елімізге тағы бір үлкен қауіп төндіреміз. Бұл қарақшыларды Қазақстанға шақыру деген сөз. Сондықтан аталған мәселеде біз өте сақ болуымыз керек. Әрбір іс бойынша мұқият тергеу жүргізуіміз қажет, – деді Тоқаев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар