Британдықтар ШҚО археологтарының «Ұлы дала алтыны» экспозициясы «сенсациялық оқиға» деп баға берді

Dalanews 29 қыр. 2021 10:19 785

Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығында Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру аясында Қазақстанның ежелгі көшпенділеріне арналған Кембридждегі Фицуильям музейіндегі көрмеге сарапшылар сенсациялық оқиға деген баға берді. Мұнда келу оңайға соқпағаны белгілі. Өйткені алдағы айларға арналған билеттердің барлығы көрме ашылмай жатып-ақ, сатылып үлгерген. Мұндай қызығушылық тудырған не болды дерсіз?

Жергілікті баспасөз дәл осы көрме әлем жұртшылығының Орталық Азия көшпенділері туралы ойын өзгертті деп жазады. «Ұлы дала алтыны» көрмесінің ашылуы «керемет әсер» қалдырды. Бұл таңқаларлық емес, өйткені экспозицияда Шығыс Қазақстан археологтарының тарихи бұйымдары ұсынылған. Олар ата-бабаларымыздың санасын түбегейлі өзгертіп, зергерлік жұмыстарды қаншалықты істей алатынын түсінуге мүмкіндік берді.

Экспозиция көшпенділердің ержүрек жауынгер, сұлулық пен тарихты жасаушылар болғанын паш еткені анық. Сонымен қатар, әр экспонат табылған жердің жеке фотосуретімен сүйемелденген.



Фицуильям музейінің директоры Люк Сайсон «бұл жаңа таныла бастаған мәдениетті Ұлыбританияға және бүкіл әлемге паш ету үшін зор мүмкіндік» - дейді.

– Бірнеше ай бұрын қазылған нысандардың арқасында әлем тарихын қайта жазудың ерекше мүмкіндігі туды. Кембриджде біз үшін ең бастысы – артефактілерді ғана емес, бүкіл археологиялық процесті және Қазақстанда қолданылатын сараптамалық білімді көрсетуге мүмкіндік берді. Бұл Кембридж университетінің мұражай әлеміндегі, туризм және археология мен мұрағаттар туралы ғылым әлеміндегі Шығыс Қазақстандағы әріптестерімен серіктестігі тұрғысынан ерекше оқиға. Бұл құнды материалдар Еуропада алғаш рет біздің келушілерге көрсетілетініне біз өте қуаныштымыз, – деді Люк Сайсон.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов көрме қонақтарын қарсы алып, оқиғаның Қазақстан мен Ұлыбритания қарым-қатынастары үшін маңызды екенін атап өтіп, экспозицияның көпшілікті бірегей артефактілермен таныстырып, Қазақстан мен Біріккен Корольдік арасындағы мәдени және тарихи мұрасы бар елдер арасындағы мультимәдени алмасу тізбегінің бір буынына айналатынына тілек білдірді.

– «Ұлы дала алтыны» – екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жасалған тағы бір үлкен қадам. Көрме мейірімділік пен өзара сыйластықтың жоғары деңгейін көрсетеді. Ол британдық ғылыми қауымдастықты ғана емес, ежелгі тарихтың барлық әуесқойларын біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықта ұлы даланы мекендеген көшпелі сақтардың өркениетімен таныстырады. Экспозиция біздің ата-бабаларымыз жасаған нағыз жауһар туындыларды ұсынады. Бұл жұмыстар ежелгі сақтардың көшпелі мал шаруашылығы, тау-кен өндіру өнеркәсібі мен металлургия салаларында бірегей мәдениеті мен терең білімі болғанын айғақтайды, – деп атап өтті өңір басшысы.

Құрама көрмеде Берелден (Катонқарағай ауданы) және Елеке Сазы қорғанынан (Тарбағатай ауданы) табылған экспонаттар қойылған. Британ қоғамының назарына ұсынылған артефактілерді Шығыс Қазақстанда, біздің дәуірімізге дейінгі жетінші-алтыншы ғасырлардағы сақ элитасының қорғандарынан қазақ археологтары тапты.



Бұл кезеңді ежелгі қазақтар тарихындағы «Алтын ғасыр» деп те атайды. Экспозицияның басты оқиғасы 2018 жылы табылған – б.з. д. алтыншы-бесінші ғасырларға жататын жас садақшы жаңа «Алтын адам» болды. Оның киімінде 15 мың алтын заттар бар. Оның қалдықтары қару-жарақ және әшекей бұйымдармен қоршалған.

Қара теңізден Орталық Азияға дейінгі аумақты жаулап алған ежелгі сақ тайпаларының әлеміне көрермендерді баурап алатын алтын білезіктер, қыналар, әшекейлер, ерекше сақталған киім элементтері және былғары мен киізден жасалған бұйымдар бар. Бұл экспонаттардың толық тізімі емес.



Әрине, тас, қол диірмендері алтын зергерлік бұйымдар сияқты тартымды болмауы мүмкін. Бірақ олар скифтік сақтардың ұн жасағанын, яғни, қарапайым егіншілікпен айналысқанын дәлелдейді. Көрмедегі көптеген нысандар біздің дәуірімізге дейінгі сегізінші және алтыншы ғасырларға жатады. Көптеген заттар өткен жылы ғана табылды. Көрмеде тарих өмірге келеді. Әрбір экспонат-өткенге саяхат.

Қазақстанның ежелгі көшпелілеріне арналған, олардың таңғажайып қорғандарынан бастап, мифтік жануарларға айналған көз тартарлық жылқыларына дейінгі көрме археологияның ерекшелігін көрсетеді. Әлемнің жетекші ғалымдары жоғары баға беріп, «Әлемдік оқиға» деп атап өтті. Экспозицияның арқасында мыңдаған адам біздің тарихымызбен таныса алатын болады.



Фицуильям музейінде ұйымдастырылған «Ұлы дала алтыны» экспозициясы 30 қаңтарға дейін жұмысын жалғастырады. Көрме көрермендердің шынайы қызығушылығын тудыратыны анық. Өйткені ол тарихтың жаңа беттерін ашады. Британдық археологтар Шығыс Қазақстан аумағындағы қазба жұмыстарына қатысуға ниет білдірді және екі елдің ынтымақтастығы тек осы экспозициямен шектелмейді.

– Бұл көрме Англия үшін бірегей. Біз оны Кембриджде өткізгеніміз үшін мақтаныштымыз. Бұл халықаралық аудиторияға бірегей артефактілерді көрсету үшін зор мүмкіндік. Мен археологпын және мұның бәрін өз көзіммен көргеніме өте қуаныштымын. Мені, екі мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың мәдениеті таң қалдырды.

Бұл көшпенділердің егіншілік және өндіріспен қатар айналысқан кезеңіндегі таңқаларлық комбинация. Артефактілер өте әсерлі. Өнімдердегі бұл комбинация таңқаларлық жайт. Ғалым ретінде сіздердің аумақтарыңыз, қазба жұмыстарыңыз маған өте қызықты. Мен археологиялық экспедицияға қатысқанымды мақтан тұтар едім, – деді Кембридж университетінің археология кафедрасының меңгерушісі Сиприан Брудбанк.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар