БҚО-да қаладан ауылдарға 104 отбасы қоныс аударған

Ақтоты Жапатова 19 нау. 2025 11:29 424

Орал қаласында «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің көшпелі отырысы өтті. Іс-шараға БҚО басшылығы мен аудан әкімдері  және өңірлерден мәслихат төрағалары қатысты,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Басқа облыстардан келген қатысушылар Батыс Қазақстан облысында іске асырылып жатқан «Қаладан – Ауылға» бағдарламасының мүмкіндіктерімен танысты.

«Қаладан - Ауылға» бағдарламасы БҚО-да 2024 жылдың басынан бері жүзеге асырылуда. Бағдарлама Мемлекет басшысының ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында іске қосылған. 

Жобаның мақсаты:

  • Азаматтардың ауылға келуін ынталандыру;
  • Халықтың көші-қонын азайту, ауылдық жерлерде жұмыс күші тапшылығын жою;
  • Ауылдық жерлерді, агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуды қамтамасыз ету;
  • ШОБ субъектілерінің санын арттыру;
  • Тұрақты жұмыс орны жоқ қала азаматтарының, сондай-ақ жас отбасыларының әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдау көрсету.

Бүгінде бағдарлама аясында БҚО-да ауылдарға  104 отбасы қоныс аударған (519 адам).  

Жиын барысында БҚО әкімі Нариман Төреғалиев «Қаладан - Ауылға» бағдарламасы Мемлекет басшысының ауылдық жерлерде халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және қолайлы орта қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы аясында іске асырылып жатқанын атап өтті.

«Ауылдық аумақтардағы халықты тұрақтандыру, ауылдарды сақтап қалу және ауыл экономикасын жандандыру үшін өңірімізде 2024-2026 жылдарға арналған «Қаладан Ауылға» пилоттық жобасы іске асырылуда. Жоба аясында қала тұрғындары ауылдық жерге қоныс аударған кезде қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар аясында азматтарға қолдау көрсетілуде»,- деді БҚО әкімі Нариман Төреғалиев.

Сондай-ақ, аудан деңгейінде қоныс аударушыларды баспанамен және жұмыспен қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде және кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетілуде.

Өзге облыстардан келген қатысушылар бағдарламаның тиімділігін атап өтіп, өз тараптарынан қызығушылық танытты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар