ҚМА Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті білім беру саласында бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Батыс Қазақстан индустриалдық колледжі" мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорынның директоры оқу процесіне қатыспаған 54 тұлғаны жалған түрде білім алушы ретінде тіркеген.
"Соған қарамастан олар белсенді студенттер ретінде көрсетіліп, жалған бағалар қойылған, сабаққа қатысу табельдері мен үлгерім бойынша құжаттары рәсімделген, сондай-ақ, стипендиялар берілген (жекелеген жағдайларда көтеріңкі мөлшерде). Жалған студенттердің атына банк шоттары ашылып, сол шоттарға стипендия төлемдердері аударылған. Банк карталары директорға немесе оның нұсқауымен өзге тұлғаларға қолма-қол ақша алу және қаражатты әрі қарай пайдалану үшін тапсырылып отырған", - деп жазылған хабарламада.
Нәтижесінде колледж директоры 49 млн теңгеден аса бюджет қаражатын иемденген.
Оған қатысты бұлтартпау түріндегі үйқамақ шарасы қолданылды.
Сот санкциясымен оның пәтеріне тыйым салынды.
