Бозымбаев: «Диспропорцияны болдырмай, аудан, қалаларды тең жағдайда дамытуға тиіспіз»

Dalanews 12 қаң. 2022 05:53 953

Бүгін Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев актив жиынын өткізіп, аудан, қала әкімдері мен облыстық басқарма басшыларына ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісі отырысында берген тапсырмаларына іске асыру бағытында міндеттер жүктеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өз сөзінде Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысы алдағы уақытта өткізілетін барлық сала бойынша жүргізілетін реформаларға байланысты  мемлекеттік органдардың міндеттерін айқындап бергенін атап өтті.

Облыс әкімінің айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларына енгізу үшін инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдары әлсіз, бірақ перспективасы бар елді мекендердің тізімін анықтау керек.

Қанат Бозымбаев өңірлерде қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасау, нарықта әділ бәсекелестікті дамыту туралы да қадап айтты.

Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын өсіруге жол бермеу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, коммуналдық қызметтердің жұмысын үздіксіз жүргізу шаралары да қатаң бақылауда болуы тиіс.

– Аудан, қала әкімдері, халықтан қашпай, сөйлесе біліңіздер, көпшілікпен бірлесіп жұмыс жасаңыздар. Өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге жағдай жасауымыз керек. Облыс көлемінде диспропорцияны болдырмай, тең жағдайда дамытуға тиіспіз. Ол үшін Алматы маңындағы аудандарда ғана емес, Талдықорған өңірінде де индустриалды аймақтар құру жөнінде ұсыныс дайындауды тапсырамын. Облыста бірыңғай экономикалық бағдарлама болуы керек. Президенттің басшылығымен қолға алынып отырған әлеуметтік-экономикалық жаңа саясат халықтың тұрмыс жағдайын көтеруде өз жемісін көрсетуі тиіс. Сол сияқты коронавирустың «омикрон» штамының таралуына жол бермеу, вакцинация мен ревакцинация жұмыстарын назардан тыс қалдырмауымыз керек, – деді Қанат Бозымбаев.


Жалпы жиын барысында қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау мен әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа талаптарына қатысты көптеген мәселелер пысықталды. Бүлік кезінде келтірілген шығындардың алдын ала есептеу мәліметтері де айтылды. Сондай-ақ аудан, қала әкімдеріне қайтыс болған полиция қызметкерлері отбасының хал-жағдайын, қандай көмек қажеттігін біліп, барлық тиісті қолдау шараларын көрсету тапсырылды.

Белгілі болғанындай, ертеңнен бастап екінші деңгейлі банктер жұмысқа кірісіп, банкоматтар іске қосылады. Облыс ішілік жолаушы тасымалы бағыттары жанданады. Әзірге төтенше жағдайға байланысты мектепке дейінгі мекемелер жұмыс істемейді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар