– Әке, балалардың парызы екен, анамыздың орнына ана бола алатын біреу болса, екі жарты бір бүтін дегендей... – Үлкен ұлы, былтыр өз қожалығын бөлектеп алып, ауылдың шетіне тауық қорадай там салып кеткені, үзілді-кесілді сөз бастады.
Сөйткен еді, қыздарының үлкені – анасының жаназасына бір келіп, содан жылына бір келген алыс жаққа ұзатылған Айсалқын көз жасы мөлт етіп тысқа жүгіріп шығып кетті.
Кіші қызы – әлі көп нәрсенің парқына бара бермейтін кенжесі де, үлкен ағасына жеп жіберетіндей ала көзімен ата қарады.
– Баласы жесір қалған әкесіне үш қайтара айту керек екен, үш жолы айттым! – Үлкені міңгірлеп зорға үн қатты.
Әкелері үндемеді. Үндегенде не дейді? Балалар есейіп әрқайсысы өз жөніне кетеді екен. Колхоздың жұмысынан келсе – үйде жалғыз, ермектесер адам жоқ, ыстық-ыстық шай ұсынып, ұзақ түнде ышқыр босататын әйел жоқ дегендей...
Балаларға осылай айтыңдар деп астыртын ауыздарына сөз салып, бұйрық беріп сыртта аңдып тұрған Бердінің ағасы үйге ұры мысықтай жылп етіп кіріп келді.
– Ә-ә, әкелеріңнің жолын аштыңдар ма?! – Ағасы бауырына бір қарап, балаларына бір қарап тұрып қалды.
Берді осының бәрін жасап жүрген осы ағасы екенін топшылап тұрған. Болмаса балалардың ақылы қайдан жетсін.
– Әй, Берді! Қатын өлсе, байы қоса өлмейді! Ал, біреуін ал! – Ағасы өзінің өктем мінезінен таймады. Сөйтті де, абыржып тұрған Бердіге ызасы келе: – Саған бозашы қатын тимесе, басқа қатын өліп кетейін тимейді! – деді.
Сол екен, әңгіме де сап тиылды. Бердінің әбден зығырданы қайнады: біресе жалғыз қалдырып тастап кеткен марқұм қатынына іштен ренжіп тіл тигізсе, біресе балаларын аяды, олардың өзіне ұқсап жалтақ әрі көңілшек болып қалғанына қынжылды, біресе әкесін басқа қатынға қимаған қыздарын түсініп те, түсіне алмай да тұрды. Бәрінен де ағасының бозашы қатынды айтқаны намысына тиді. Ауылдың қайын енелері келіндері үйлерін жинамаса болды, «бозашының үйіндей қылмай сыпырмайсың ба» деп ұрысса, достары бірі-бірін «бозашының үйінен шықтың ба» деп келемеждейтін. Бердіге ағасы дәл сол бозашыны айтпайды ма, қанын қарайтып...
Үлкен балалары үйінен алыстап, кішілері ғана қалғанда бесін өте, Берді үйінен шықты. Ашуға булығып, бозашының үйі жаққа барғысы, оның бозасынан мас болғанша тойып ішкісі келді.
Анау аппақ құздардан екі тау жарысып, бірімен-бірі тіресіп, ортадағы дарияны бірі-бірінен қызғанып ауылға дейін күзетіп келеді де, ауыл басына жеткенде таулар бітіп, өзен сол жерден екіге бөліне қалып, қайта қосылады. Дәл сол аралшықта екі диірмен және жалғыз там тұр. Өзеннің теріскейінде – Ақжар ауылы, күнгей жағында – Көкжар ауылы. Дәл осы аралды екі ауыл бөлісе алмай қалған ба, әйтеуір әрқайсысы өз диірменін құрып, содан жалғыз там салып қойған екен, оның түпкі иесі кім, кім салған, онымен ешкімнің де шаруасы жоқ, қашан кіргенімен де ісі жоқ бозашы әйел қоныстанып алыпты. Не осы үйде туып, сол үйде өскен бе – онысынан да ешкімнің хабары болмаған. Ақжарлықтар да, көкжарлықтар да өз диірмендеріне мініс аттары барлар өзеннің таяз жерінен өтіп, аттары жоқтар талдың білектей бұтақтарынан үсті-үстіне асата қойылған солқылдақ көпірмен жаяулап өтіп барады.
Екі диірменді бозашының жаман тамы бөліп тұрады. Ауыл тұрғындарының алды күйген кірпіштен үй салып, сыртын сылап, қызыл жабыңқышпен төбесін жаба бастаса, бұл бозашының лашығы атамзамандағыдай – тас дуал, үстінен қамыстары салбырап шығып тұр, сықырлауық есігінен адам сәлем салған келіндей бас иіп, содан кейін кіреді.
Берді де солай кірді. Аузы-мұрнына мұрын жаратындай бір күлімсі иіс ұрды. Кіргеннен-ақ жеркеніп, қараңғы қораға кіргендей, отырған адамдарды онша ажырата алмады.
– Армысыздар?! – дегендей болды. Оның «армысыздарына» ешкім де «бар болыңыз», «келіңіз» демеді. Ондайға бұл жердегілер үйренбеген. Бұл үйге ешкім сәлем-әлік айтып кірмейді. «Боза қандай», «Тары боза ма», «Жүгері боза ма», «Жаңа сүзілгені бар ма», «Әй, боза, әй» деп қана кіреді.
Берді есік аузынан орын тауып, ескі бөстекке ептеп жамбасын басты.
Әбден май сіңген күпәйкелі екі адам жердегі легеннің үстіне бөзді қойып, бөздің үстіндегі піспекті басқа біреуі келіп жуан қолдарымен ары-бері былғап, боза сүзіп, сүзгіде қалған допты бір шелекке сартылдатып тастап, содан сүзілген жас бозаны ошаққа асып, оны тез-тез құя бастады.
– Әй, саған тарыдан ба, жүгеріден бе?! – Артынан бір қатынның дөрекі дауысы барқ етті.
Шынында Берді боза ішпеуші еді. Тары бозаны да, жүгері бозаны да ажырата алмайды. Отыра берді. Қарсы алдында төрт пе, бес пе адам көрінгендей болды.
Қап-қара болған, әркім тістей беріп жиектері кертілген ағаш аяққа шүпілдетіп құйылған, көбігі быжып тұрған бозаны созды біреу. Майы да, күйесі де араласып, өңі білінбей қалған ұзын көйлек киген, қолы жарық-жарық шой қара қатын оған шыны ұсынып тұр. Неге келді?! Неге мұнда отыр?! Орнынан ырғып тұрып шығып кетсе ше? Жоқ! Отыруы керек! Ағасына көрсетеді әлі?! Сол бозашы қатынды көрсетеді! Сөйтіп ойлап отырып бозаны түбіне дейін сіміріп тастады. Боза жұққан аузы-басын жеңімен сүртіп, босаған шыныны әйел жаққа тағы созды. Тағы ішті. Тағы...
«Ей, Зейнепке Көкек жетіпті, Бүркітті тастап кетіпті...» Бердінің құлағына осындай ән бе, сөз бе, есітілді. Көзі қараңғыға біраз үйренісе түскенде осылай ыңылдап жатқан кісіні таныды. Ауылдасы – Самат. Бұл Самат соғысқа кеткенде ол жақтан өлді деп қара қағаз келіп, әйелі Зейнеп жыл өтпей-ақ колхоз төрағасына тиіп кеткен деп жүруші еді жұрт. Соғыстан миынан зақым алып келген Самат осылайша кез келген жерде түнеп, достарына тиісіп боза алдырып ішуді әдетке айналдырған. Сол Самат көзіне жылы көрінді. Тұрып барып қолындағы бозасын Саматқа ұсынды. Ол Бердіні таныды ма, танымады ма, шынысын босатып, үйренген әнін үйренген сарынға салды: «Ей, Зейнепке Көкек жетіпті, Бүркітті тастап кетіпті...»
– Ей, Мәжнүн, жырлай ғой! Жырла! Төк, арманды төк! – Арғы жақтан әбден әбіржіген, көмірдей қап-қара кісі Саматты қолпаштап қойды.
– Өзің төк! Өзің! Бол, ей тәжік! Әндет! – Самат та қарап қалмай, оған дем берді. Берді олардың алдына боза әкелдірді. – Секетбайдан соқ!
Әлгі «тәжік» дегені бозадан асықпай жұтып, тамағын өзі айтқандай «майлап алып», көзін шала жұмып, ішкі аудандардың тұрғындарына тән жұмсақ сарынға салып әнін ақырын төге бастады да, біртіндеп дауысы қатқыл шыға берді:
Қарайған сайдан өтерсің,
Қамшыдай бойың көрсетіп,
Қақсатып қайда кетерсің?
Бозарған сайдан өтерсің,
Ботадай бойың көрсетіп,
Боздатып қайда кетерсің?
– Әкеңе мың рахмет, тәжік, өлме, өлсең қайта келме! – Бозашының үйіндегілер бәрі әнге құлақ салып қалған екен, ішінен біреуі осылайша қиқулап қалды. Берді кім айғайлап жатқанын түсіне алмады. Бір уақытта бозашы өкіріп шыға келді:
– Есенбайдың есегінің артқы сирағындай болған өлігіңе отырайын, тұр, сыртқа сиіп кел! – Бозашы уытты уыстай келген екен, сол екпінімен шалтаяқтап жатқан бозақордың біреуін бас-көз демей төмпештеп, онысы аз болғандай жұлқылап арқасына лып еткізіп көтерді де, есіктен ары лақтырып жіберді.
Бұл тәжік дегеннің өмірбаяны да қызық. Қаратегіннен бұл жаққа дуал соғуға келгендердің бірі еді. Қолы гүл қабырғашы. Қаратегіннен менмін деген мықты жігіттерді таңдап келіп, оларды лайшы қылып, өзі қабырға қалайды. Бір лай қоршаудың қабырғасын бір айналдырып соғып кетеді, шаршамайды. Қаратегін Тәжікстанға қарағандықтан ғана тәжік демесе, өзі қырғыздың қара тейіт руынан. Құдай бойды да, күшті де, өнерді де аямай берген. Бара-бара бозашынікіне келіп боза ішіп жүріп, кейін бозасына бір нәрселерді сеуіп ішіп жүріп, бозашымен де жатып қалып жүріп, ақжарлықтар мен көкжарлықтар айтқандай, «Ләйлі Бадақшан» болып кетті де, Қаратегіндегі үйінде сирек бой көрсетіп, ақыры ол жаққа мүлдем бармай қалды. Енді, мінеки, дуалынан өзі түсе қалып алтыншы сазды қабатқа лай тастап беретін күш те жоқ, аспанды тіреген бой да жоқ, бір кездері жаттап алған әндерін қайталап, әркімді торып жүріп боза ішеді. Бозашы құйрықтан теуіп қуып шықса, диірменшінікіне барып жатады, қуып шықпаса, осында жата қалады. Оның атын да ешкім білмейді, сұрамайды да, «тәжік» деп қояды. Айтпақшы, бір жолы сол «тәжіктің» азан айтып шақырған есімін бозашы қатын сұраған, ол айтқан, атын «Асубек» десе керек. Асуда туылды ма, кім біледі, бірақ ырысы жоқ. Бозашы мұны естіп өлгенше күлгені бар, «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деп. Өзі ше? Өзін білмей «Ешкі қойға сын тағады, құйрығына қыл тағады» болып отыр емес пе. «Сәті келсе келіннен бұрын қыз туады» демекші, кімнен екенін кім білсін, ептеп-септеп, пәк бойы жұрт көзіне әлі ілінбеген кезі – он үшінде бала туып, туғанда да ұл туып, оны жетелеп бағып, ал мұны көрген ауылдың «бұқашықтары» бір түнеп, немесе күндіз жата қалып кеткені болмаса, «Балалы байтал алма, баласы тебер ішіңе» дегендей, келіп-кеткендердің еш қайсысының онымен ошақ түтетуге құлықтары бола қойған жоқ. Бозашы содан «Тусаң – тұяқ, тумасаң – ұят» деп өзін жұбатумен қала берді. Баласы да кейін ержетіп, шешесінен намыстанып, көз көрмес бір жерге тентіреп кетіп жоғалды.
Бозашы болса кезі келгенде бидайдан, арпадан, сұлыдан уыт өндіріп, жарма жарып, боза сүзіп, содан бозасына меңдуананың тұқымын аз-аздап қосып жүріп, қыстың ұзақ түндерінде екі ауылдың бозақорларының ермегіне айналды. Қатынына ренжігені де, қатыны төркініне кеткені де, боза қуып ішкені де, достасқандары да, жағаласып жарасқандары да, құмаршылар да, аңнан олжалы қайтқандары да, жолы болмағаны да осында бас сұғады. Келеді де, бақырып-даурығып, сөгініп-қағынып, төбелесіп-тістесіп, ит болғаны – ит болады, құс болғаны – құс болады, тым аса кетіп шу шығарғандарды бозашы қатын желкесінен бір түйіп, еркекше сыбап алып, ендігәрі аяқ баспайтындай етіп айдап шығады.
Енді, міне, жаңа кісі – былтыр қатыны өлді деген Берді келіп отыр. Мұнысы да анау сұлап жатқандарға ұқсап бір айға жетпей бозақор атқа қонады да... Бозашы осылай жап-жақсы келіп, өз үйінен орын тапқандардың мыңын десе өтірік болар, жүздейін көрді. Бүгін енді мынаусы тиіседі. Тиіссе тиіссін, тиіспейтін несі қалып еді?..
– Әй, кел бері, боза сүзіс! – Бозашы көзі жұмылып, ұйқының жетегінде бара жатқан Бердіні оқыс оятып жіберді. – Шеш, анау шоқайыңды, молаға қаққан қазықтай болмай еңкей! – Берді қақ маңдайындағы маймылдың еркегіндей болған неме қандай қимыл жасаса, қосыла жасап, боза мен допты айырып, пешке жаңқа жағып, жаны тынбады. Бозақорлардың ырду-дырдуы, әні, айқай-шуы да бара-бара күшейе берді.
Неліктен екені белгісіз, бозашы қатын Бердінің көзіне әйел болып көрінгісі келді. Ұрғашылық түйсігі басына теуіп, ас бөлмесіне барып қолжуғышпен беті-қолын жуып, жүзіне бал жағып, шашын да айрандап, артынан басмамен жуып, сандыққа салып қойған жерден дүрия көйлегін, қызыл былғары қырым етігін, шалбарын, кестеленген камзолын, моншағын, жүзігін алып, оларды келістіре киді де, бір күнде мың кіретін бозақорлардың бөлмесіне басқаша болып кіріп барды.
– Бұл жер сіздерге мейманхана емес, кетіңдер! – деді бір кезде күтпеген жерден Бозашы. Бәрі таңғала қарады. Оның бал-бұл жайнаған жүзінен бір жылулық нұры төгілгендей...
Мұны Берді ғана байқады...
Әбдікерім Мұратов
Қырғыздың жазушысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор. 1956 жылы 17-мамырда Қырғызстанның Ош облысында дүниеге келген. 1976 жылы Ош мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін аяқтаған. Бірнеше прозалық кітаптардың авторы қазір Бішкек қаласында тұрады.
Қырғыз тілінен аударған Гүлнұр Қыранбайқызы.