Мүгедектерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебінде жалпы саны 753 кембағалы спортшы бар. Олар, жеңіл атлетика, жүзу, үстел тенисі, садақ ату, шаңғы жарысы, арбамен билеу, футбо, шахмат, дойбы, еркін күрес, армрестлинг, каратэ сынды түрлі спорт түрлерімен шұғылданады.
Өмірге деген құштарлықтары басым, ерік-жігері тасып тұрған сайып қыран қыз-жігіттерді 48 жаттықтырушы баптайды. Төгілген тер мен есіл еңбектің зая кеткен тұсы болмаса керек, оған дәлел аталған мекеменің ұландарының ішінде 1 - спортшы «ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері», 33-і «халықаралық дәрежедегі спорт шебері», 26-сы «ҚР спорт шебері», 92-сі «ҚР спорт шеберіне» үміткер, 100-ден астам ммүшесі 1-ші спорттық разрядқа ие болған жайы бар.
Сонымен қатар, сан алуан спорт түрлері бойынша Қазақстан ұлттық құрамасына Алматы облысында 112 мүмкіндігі шектеулі спортшы мүшелікте екенін атап өткен жөн.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып жүрген қайсар жандардың жетістігі мұнымен толастар емес. Тағдырдың сыйына тосылмай, сынағына сынбаған арда азаматтар 2011 жылдан бастап Қазақстан Республикасының чемпионаттарында, Қазақстан Республикасының Кубоктарында, Паралимпиадалық ойындарда, Қазақстан Республикасының спартакиадасында және халықаралық жарыстарда, турнирлерде 2011 жылдан 2019 жылға дейін 430 алтын, 330 күміс және 236 қола медаль жеңіп алған. 2020 жылдың қорытындысы бойынша барлығы: алтын – 23 медаль, күміс – 14 медаль, қола – 20 медальді қанжығаларына байлаған.
Байрақты бәсекелерде топ жарып жүргендердің бірі Захар Буймов мен Максим Тен. Қос саңлақ, 2020 жылдың 20-23 ақпанында Манчестер қаласында жастар арасындағы пауэрлифтингтен Әлем Кубогында 1 орынға тұрақтаған.
Негізінен Алматы облысының мүмкіндігі шектеулі спортшылары 2016 жылы 6 халықаралық және 26 Республикалық, 2017 жылы 10 халықаралық және 34 республикалық жарыстарда бағын сынап көрген. Бұл да өз кезегінде толайым табыстардың үздік бастамасы болды деп ауыз толтырып айтуға тұрарлық іс.
Мойындарына таққан жүлдедері, ел қоржынына түскен медальдары тек сан үшін қызмет етіп қойған жоқ. Ерекше қабілетке ие жандардың ерліктері облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының әркез назарында.
Мәселен, 2017 жылы Спорт күніне арналған кәсіби мерекеге орай Алматы облысының әкімі Рио-де-Жанейрода (Бразилия) өткен XV жазғы Паралимпиада ойындарының жүлдегері Қойшыбаева Раушан екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстаған еді.
Өткен кезеңдегі көрсеткіншті жаңартуға талпынған мекеменің алға қойған мақсаттары Алатаудың шыңымен тең.
Ағымдағы жылы Алматы облысы мүгедек-спортшылары спорт түрлері бойынша ҚР чемпионаттары мен кубоктары; ақпанда (БАӘ) 11 фазаның халықаралық турнирі пауэрлифтинг, жеңіл атлетика, садақ ату бойынша өнер көрсету жоспарланған. Наурызда Өзбекстанда 100 дойбыдан Азия чемпионатына қатыспақпыз. Сәуір айында таэквондодан Азия чемпионатында бағымызды сынамаққа бекіндік, желтоқсан айында Германияда арбамен билеуден әлем чемпионатына барамыз, ал 5-25 желтоқсан аралығында Бразилияда бастау алатын XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарына бармақпыз»,-дейді «Мүгедектерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебі» КММ директоры Ерлан Бақытбай.