Мәжілістегі "Ақ жол" фракциясының жетекшісі Азат Перуашев Көлік министрлігіне ауыр айып тақты. Депутат құзырлы ведомство отандық тасымал нарығын Ресей мен Беларусь компанияларының жаулауына септесуде деп есептейді. Сөйткен ол бұл сөзінің дәлелі ретінде бірнеше мысал да келтірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Кейбір жүйелі проблемалар бойынша біз мемлекеттік органдардың әрекетсіздігіне немесе олардың мәселенің өзектілігін түсінбеуіне байланысты депутаттық сауалдарымызды қайтара жолдауға мәжбүрміз. Атап айтқанда, 2024 жылы 20 қараша мен 18 желтоқсанда "Ақ жол" фракциясы Ресей және Беларусь тарапынан жосықсыз бәсекелестікке тап болған қазақстандық жүк тасымалдаушылардың нұқсан келген мүдделерін қорғап, депутаттық сауалдар жолдады. Бұл халықаралық тасымалдарға рұқсат бланкілерін берудің жаңа тәртібіне, қазақ-қытай шекарасындағы электрондық кезекке және Ресей Федерациясы мен Беларусь аумағы бойынша жол жүру шарттарына (қазақстандық жүргізушілерді ауыстыру, тек қазақ тасымалдаушылар үшін қайта тіркеуге және қайта тиеуге тыйым салу және т.б.) қатысты. Нәтижесінде, нарықты көрші ЕАЭО елдерінің ірі компаниялары басып алды, ал негізінен шағын және орта бизнес өкілдері болып табылатын отандық кәсіпкерлер барлық жерде ығыстырылып, шеттетіліп, жұмысынан айырылуда", - деді Перуашев сәрсенбідгі Мәжіліс отырысында.
Нәтижесінде, ол Қазақстанның транзиттік әлеуетіне және миллиардтап инвестиция салған Батыс Еуропа-Батыс Қытай трассасынан қазақстандық тасымалдаушылар емес, кез келген бөтен пайда көріп қарық екенін баса айтады.
"Біз жолдаған сауалдарымызға жауап алдық, бірақ жағдай түзелмеген, керісінше нашарлай түсуде, оған осы саланың 400-ден астам кәсіпкерінің жақында жасаған үндеуі дәлел", - деді депутат.
Ол тағы бір мысал келтіре кетті.
"6 қараша, 12 ақпан және 5 наурыз күндері біз Премьер-министрге және Бас прокурорға жеке темір жолдарды басып алу, жеке тасымалдаушыларды ығыстыру және транзиттік тасымалдарға құқықты тек ҚТЖ атынан мемлекеттік монополияға бекіту жөніндегі Көлік министрлігінің заңсыз әрекеттеріне шағымданып, сауалдар жолдадық. Көлік министрінің бұйрығы мемлекеттік және жеке меншік теңдігі мен теңдей қорғалуын тікелей бекітетін Конституциядан және Үкіметтің экономикаға қатысуын қысқарту және әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету міндетін қойған Президенттің "экономиканы ырықтандыру туралы" Жарлығынан жоғары болғаны ма?"- деп сұрады мәжілісмен.
Сондай-ақ, ол 6 қараша мен 26 ақпанда фракция монополист – "Жамбыл электр желілері" ЖШС-нің, жосықсыз әрекеттеріне қатысты депутаттық сауал жолдады. Ол "Фабрика ПОШ" (жүн түтетін, өңдейтін фабрика) ЖШС-ны рейдерлік жолмен басып алу әрекетіне баруда.
"Біздің сол сауалдарымызға жауап қатқан монополияға қарсы орган да, Энергетика министрлігі де бұл бұзушылықтарды байқамағанын айтады, әйтпесе бұл көзге бірден көрінетін ап-анық экономикалық нонсенс: мына арада барлық қадағалау ведомстволары монополистке басқа тұлға көрсететін қызмет үшін ақы алуға мүмкіндік беріп отыр. Иә, кәсіпорындарды қорғаудың орнына, Энергетика министрлігі тағы да тек монополистке ақы төлеуді қарастыратын жолды ұсынуда. Онда да айналып өтететін желіні өз ақшаларына салдыртып, бірақ тарифті моноплистке төлетіндей етіп дегендей. Неге жүн өңдеу фабрикасының инфрақұлымын тегін қолданбасқа? Ол туралы ешкім жақ ашпайды", - дейді депутат.
Оның айтуынша, кәсіпкерлер монополист пен жергілікті монополияға қарсы органдардың өзара ауыз жаласа әрекет етіп отырғанын ашық ашына айтуға мәжбүр.
"Бұл ерекше жағдай емес, мәселен Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы "Алтын Бұлақ" шипажайын алайық. Бұл арада да табысты бизнесті басып алу үшін әкімшілік өкілеттіктер пайдаланылған жағдайлар бар, бұл туралы біз үш мәрте сауал жолдадық. Мемлекеттік органдардың ресми жауаптарына қарамастан, "Ақ жол" фракциясы мұндай фактілерге қарсы тұруды жалғастырады", - деді Перуашев сөз соңында.
Айта кетсек, 14 қаңтарда Көлік министрі Марат Қарабаев пен Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы Алтай Әли, сондай-ақ "қазақстандық" фирмалар ретінде өзін көрсеткен Беларусь пен Ресей фирмалары Қауіпсіздік кеңесіне шағымданғанын хабарлаған еді.