Назарбаев әулетінің экс-құдасы, кәсіпкер Қайрат Боранбаев Паралимпиадалық дайындық орталығында журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында алдағы жоспарларын да жариялады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бостандыққа шыққаннан кейін кәсіпкер алғаш рет БАҚ өкілдеріне осылай жауап берді.
"Кәсіпкерлікпен айналысу және пайда әкелу (жоспарым. - еск.). Айналысатын жобаларым жеткілікті, олардан алыстамадым", - деді Қайрат Боранбаев.
Журналистер кәсіпкерден активтері тәркіленгеннен кейін қандай қаражатқа "күн көріп" жүргенін сұрады.
"Қайрат" футбол клубы қалай жұмыс істеп тұр? Бұл - жалғыз жеке клуб. Иә, жарнама мен барлық демеуші компанияның құйғаны. Барлық компания жұмыс істейді. Шынымды айтсам, компанияларға жұмыс істеуге рұқсат берілгеніне ризамын. Біздің холдинг - басқарушы компания. Бізде барлық бизнес жұмыс істейді. Иә, проблемалар бар, бұл - қалыпты жағдай, бәрінде проблемалар бар шығар", - деді Боранбаев.
Кәсіпкер McDonald's фастфуд желісін де Қазақстанға қайтарғысы келетінін жеткізді.
"McDonald’s Қазақстанға оралғысы келсе оны ойластырамыз. Бұл бренд Қазақстанда танымал. Сегіз жыл ішінде көп нәрсені үйрендік, арнайы стандарттарды сақтадық. Әрине, McDonald’s Қазақстанға оралғанын қалар едік, ол үшін аздаған уақыт қажет", - дейді Боранбаев.
Оның сөзінше, фастфуд желісінің қазақстандық франшизасы логистика бойынша мәселелер туындағандықтан жабылып қалған. Себебі мейрамханаға қажет барлық өнім Ресейден тасымалданатын көрінеді.
Айта кетейік, былтыр 6 қарашада Қайрат Боранбаев бостандыққа шықты. Ал оған дейін наурызда ол 8 жылға сотталды. Қыркүйекте жаза мерзімі 6 жылға дейін қысқарды.
Сонымен қатар, "бай құда" Астананың орталығындағы 4 жұлдызды қонақүйді, басқа да біраз мүлікті мемлекет меншігіне тапсырды. Ал аумағы бес мың шаршы метрден асатын қонақүй кешенінің жылдық айналымы шамамен 900 миллион теңгеден асады екен.