Алауыздықтың кесірінен жертөлені оқпана тұтып, ұрпағы ұршық-заманның иірімінде жоғалып жатқан, көзінің нұры қашқан әке мен шеше, үміті күл-талқан болған ұрпақ, босқан көш, қашқан жұрт аз ба?
Қоламтаны үрлеп шоқ, ұшқынды үрлеп от қылып, ауыл-үйдің арасын араздастырып, шолақ атпен шоқырақтап жүрген саяси "ақылгөйлер" толып жүр ауламызда.
Қолына жанармай ұстаған жандайшаптар жеме-жемге келгенде, жеті атаң болса да шешуші сәтте отқа "бас-сирағын" үйтіп алып жалынның ортасына жалғыз тастап жайына кетеді.
Бір тулақ жер үшін арасынан қара мысық өткен тілі ұқсас, діні бір елдер ай-күннің аманында бір-біріне қару кезеніп, бітіспес жауға айналды. Құдай сақтасын!
Ниетке қасқыр шаппасын…
Туған Отанның іргесі берік, Байрағы биік болғай! Тәуелсіздік — бүтін жер, тұтас Қазақстан!
Кезінде ҚР ҰҚК Шекара қызметін басқарып жүріп бүкіл сарбаздарымен опат болған даңқты қолбасшы Тұрғанбек Стамбеков байтақ Қазақ Жерін қалай жаяу-жалпы аралап шыққанын, шекараның қандай қияметпен шегенделгенін шет-пұшпақтап айтып еді.
Қазақстанның құрлықтағы мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы – 13 380 шақырым. Ресеймен арадағы шекарамыз – 7 мың 591 шақырым. Қытаймен шектесетін шекара – 1 мың 782 шақырым, өзбектермен – 2 354, түрікмендермен – 426, қырғыз ағайындармен – 1 241 шақырым. Теңіздегі шектесу (Каспий) – 2000 шақырым.
"Өз өзіңе берік бол, қоңсыңды ұры тұтпа!" дегенді дана аталар неге айтқан дейсіз? Елдің іші даудан, сырты жаудан аман болғай!
Азаттық жолында басы жадыда кеткен бабалардың рухы шат болсын! Ел мен жер аман болсын, қалған дүние қалпына келер.
Жанарбек ӘШІМЖАН,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,