Бөрібай батырдың ескерткіші ел рухын көтерді

Dalanews 08 қар. 2020 15:14 2183

Ақсуда Бөрібай батырға қойылған ескерткіштің ресми ашылуы болды. Ескерткішті ұрпақтары елдіктің, ерліктің, ауызбірліктің үлгісі ретінде тұрғызды. Руға бөлінетін емес, рудан құралатын қазақтың бірлігінің жемісі көрсетілді. Салтанатты шараны қазақ журналистикасының ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы жүргізді. Тарихи шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли келді.

Бөрібай – XVIII ғасырдағы қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы күресте қол бастаған батыры. «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» жылдарында өзі басқарған елді азып-тозудан аман алып қалған. Бөрібай жоңғарлардың әскері қазаққа шабуыл жасағанда жауды Бетпақдалада адастырып, Найман, Жалайыр, Қоңыраттарды Сарыарқадағы Сарысуға бастап барып, Арғын-Қыпшақ, Тарақты руларымен күш біріктірген ерен тұлға.

Ескерткіштің ресми ашылуында сөз алған Рустам Әлиұлы:

– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында елде көп шара атқарылуда. Соның ішінде Жетісу жері батырларын ардақтауда елге үлгі болуда. «Ер есімі – ел есінде» дегендей, ел үшін жанын құрбан еткен ерлерінің есімі ел жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Өткен жылы Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығы аталып өтсе, биыл Бөрібай батыр елімен қауышып, тұғырына қонды. Атаға туған жерден топырақ бұйырсын деген ағайын Бөрібай баба жерленген жерден топырақ әкеліп, ескерткіштің түбіне салды. Атамыздың рухы енді елін-жерін қорғап тұрады. Ескерткішті тұрғызуға халқы 60 миллион теңге жұмсаса, жан-жағын абаттандыруға 52 миллион теңге бөлінді. Ескерткіш ел рухын көтеріп тұрғандай. Осы ескерткішті орнатуға атсалысқан барлық азаматқа облыс әкімдігі атынан алғыс білдіреміз, – деді.


Келесі кезекте Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов та сөз сөйледі. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Ілияс елінің азаматтары үлкен іс тындырып, еңселі ескерткіш қойып, бабамыздың рухын асқақтатқандарына алғыс білдірді.

Бөрібайдай батырларымыздың арқасында бүгінге жеттік. Жоңғарлар мен қазақтар арасындағы екі жақты батырлардың жекпе-жек ұрысында Абылай хан мен бас қолбасы Бөгенбай батыр қазақ батырларына ақылдарымен бастұтқалық жасап, рет кезегімен әр елдің батырларын майданға шығарып, рухты дем, нұсқаулар беріп отырыпты. Жеңгендерді жігерлендіріп, абыройын арттырады. Осындай бір жекпе-жекте Абылай:

– Матай елі атынан майданға кім шығады? - дегенде, жоңғар қолбасы есерлік мінез көрсетіп, қоқиланады. Сол кезде Бөрібай атын тебініп, ортаға ентелей шығады. Осы шайқаста қазақ батыры жеңіске жетеді. Жекпе-жектен Бөрібай жоңғар батырының атын жетектеп келіпті.

Абылай хан Бөрібай батырдың ерлігіне ризашылық танытып, «Есімің Матай елінің ұраны болсын!» – депті. Содан бастап бәйгеден аты озған бала «Бөрібайлап», жауға шапқан ұл «Бөрібайлап» ұрандаған. Бүгін елі бабасына ескерткіш орнатты. Аталар ерлігі ұмытылмайды.


Салмағы 4,5 тоннаны құрайтын ескерткіштің биіктігі - 5 метр. Тұғырдан 20 метр қашықтықта айналдыра қазақ батырларының есімі жазылған 5 гранит тас қойылған. Мүсінді Қазыбек Дулатов, Еркін Мақұлбаев жасады.

Әлі де елімізде азаттығымыз үшін күрескен қаншама аты аталмай жатқан батырлар бар?! Олардың есімі аталуы тиіс. Бөрібайдай батырларды ұлықтау - біздің парызымыз.

Гүлжан ТҰРСЫН, Алматы облысы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар