Қайрат Боранбаев Беларусьтегі мейрамханаларынан ақыры айырылып тынды. Беларусьтің мемлекеттік мүлік комитеті оларды жаңа иесіне сатуға дайындалып жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Shiskin_like Telegram-арнасының деректеріне сүйенсек,қаңтардың басында Боранбаев Беларусьтегі мейрамхана бизнесінен айырылуы мүмкін екені белгілі болды. Өйткені былтыр күзде Беларусь Республикасының мүлік жөніндегі мемлекеттік комитеті Mak.by мейрамханалар желісін сотқа берген. Ал оның иелері - сингапурлық KSB Victory Restaurants Pte.LTD компаниясы. Бұл қазақстандық кәсіпкерге тиесілі.
Кейін оның иесі Жоғарғы сотқа шағым түсіріпті, ал отырыс 10 қаңтарда өтті. Бірақ Беларусь бұқаралық ақпарат құралдары мәліметінше, бұған дейін шыққан шешім өзгеріссіз қалған.
"Жақын арада меншік иесі ресми түрде өзгереді және заңды тұлғалар базасынан мемлекеттік мүлік комитеті оның иесі болғанын көреміз", - деп жазылған жергілікті басылымдардың бірінде.
Сонымен қатар, Боранбаевтың мейрамханаларын сатып алушы табылып та қойған. Бұл туралы Беларусь президенті Александр Лукашенко Министрлер кеңесінің басшылығымен өткен кеңесте айтқан.
"Оларды сатып алуға дайын жеке меншік иесі пайда болды, ақша төлейді, төлейтін ақшасы да аз емес. Жеке кәсібі бар Беларусь азаматы бұл желіні дамытуға дайын", - деп келтірді оның сөзін жергілікті басылымдардың бірі.
Кәсіпкер нақты кім екені аталмады, бірақ бұқаралық ақпарат құралдарында оның АҚШ санкциялар тізіміне енген кәсіпкер Алексей Олексин болуы мүмкін екені туралы болжам бар.
Олексин - Беларустің ірі кәсіпкері, негізгінен мұнай өнімдерін, темекі мен электрон темекіні көтерме саудалаумен айналысады.