Болатхан Тайжан – қайраткердің ғұмыры

Dalanews 12 нау. 2016 08:39 1494

БезымянныйБиылғы жыл Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханның 150 жылдығымен бірге мемлекет және қоғам қайраткері Болатхан Тайжанның 75 жылдық мерейтойы екенін айтып, мерейтойға орай өткізілетін іс-шараларды хабарлаған болатынбыз. Ақпанның 21 күні үлкен теннистен, 28 күні шахматтан қалалық жарсы өтсе, 4 наурызда Ұлттық кітапханада Болатхан Тайжанның 75 жылдық мерейтойына орай дөңгелек үстел өтті. Туған күні – 8 наурызда «Арман» кинотеатрында сағат 11:00-де белгілі журналист Қасым Аманжолдың қоғам қайраткері Болатхан Тайжан мен ұлы Мұхтар Тайжанға арнап  түсірген «Әке аманаты» деректі фильмінің тұсаукесері болып, сағат 13:00-де «Астана» қонақ үйінің мейрамханасында арнайы ас берілді.

Арнайы асқа Болатхан Тайжанның өзі іргесін қаласқан «Жас тұлпар» ұйымының мүшелері мен Болатхан Тайжанмен бірге қызмет атқарған Қазақ елінің дипломаттары, саясаткерлер, журналистер қатысты. Атап айтар болсақ, «Жас тұлпар» ұйымының негізін қалаған Аймұқан Таужанов, саясаткер Жасарал Қуанышәлин, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай, ақын Темірбек Медетбеков, журналист Ермұрат Бапи сияқты алматылықтармен бірге арнайы Маңғыстаудан Жәнібек Қожық, Астанадан саясаткер Ерлан Карин және Руза Бейсенбектегі алыстан ат терлетіп келіп, қоғам қайраткерінің өмірі мен өнегесін сөз етті.

30 минуттық деректі фильмде қоғам қайраткері Болатхан Тайжан мен ұлы Мұхтар Тайжанның күрескерлік жолы көрсетілген. Фильмнің тұсаукесерінде режиссері Қасым Аманжол бұл фильмнің тек Тайжандар әуелетіндегі әкенің аманаты ғана емес, бүкіл қазақтың әке аманаты, ғасырлар бойы келе жатқан күрескерлік жолдағы бабалар аманаты екенін жеткізді. Әрине, Аманжолдың Қасымы айтқандай, бұл деректі фильм қазақтың қаннан тараған өр рухты жас ұрпаққа көрсете, бабалар аманатын жеткізе білуге өнеге мен үлгі болатынына күмәніміз жоқ.

12825238_919156528201950_118313564_nДеректі фильмді көріп шыққан саясаттанушы Ерлан Карин әлеуметтік желіде: «Ұлт қайраткері, дипломат Болатхан Тайжанның 75 жылдығына арналған фильмнің тұсаукесеріне қатыстым. Фильм авторы – Қасым Аманжол. Бұл фильм Бөкеңе арналса да, негізгі тақырыбы – әке мен ұлдың байланысы, әке аманаты мен ұл-азаматтың мұрат-мақсаты, елге қызмет ету. Өте терең мағыналы фильм болып шығыпты. Мұхтарға ризамын, ұл-азаматтың әке аманатына, әке жолына қалай адал болудың үлгісін көрсетіп келе жатыр», – деп Мұхтар Тайжанға ризашылығын білдіріпті.

12083662_919429051508031_611570248_n4 наурыз күні Алматыдағы Ұлттық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері Болатхан Тайжанды еске алған  дөңгелек үстел өткен болатын. Онда да жоғарыдағы кісілермен бірге қазақ оппозициясының көшбасшысы Серікболсын Әбділдин, Ақын Софы Сматаев болды. Дөңгелек үстелдің Ұлттық кітапханада өтуінің бір себебі, Тайжандар әулеті Болатхан Тайжанның жеке кітапханасын Ұлттық кітапханаға өткізген болатын. Сол күні Болатхан Тайжанның өмір бойы жинаған кітаптары көпшілікке таныстырылып, кітап көрмесі өтті. Болатхан Тайжан  атындағы қордың президенті Мұхтар Тайжан: «Шетелдік және отандық ең үздік әдеби кітаптар, ислам өркениеті мен экономика саласындағы ең таңдаулы кітаптардың үйде тұрғаннан, жас ұрпақтың керегіне жарап, Ұлттық кітапханаға өткізсек деген шешім қабылдадық», – деп, қоғам қайраткерінің өміріне азық болған кітаптардың, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып, қазақтың білімін арттуға жараса деген тілегін білдірді. Кітапхана қызметкерлері Ұлттық кітапханада Болатхан Тайжанның кітап көрмесі бір айға жуық тұратынын, келіп көрем деушілерге есік ашық екенін ескертті.

Дөңгелек үстел барысында  саясаткер, журналист Әміржан Қосанов пен саясаттанушы Расұл Жұмалы баяндамаларын оқыды. Әміржан Қосанов баяндамасында Болатхан Тайжанның күрескерлік жолын айта келіп, қазіргі күні екінің бірі «мемлекет және қоғам қайраткері» деген атаққа ие екенін, мемлекетке, қоғамға ешқандай пайдасы тимесе де мемлекет және қоғам қайраткері атанып жүргендердің көптігін айтып, өзі үшін бұл атақтан да жоғары тұратын тұлғалар бар екенін, Болатхан Тайжанды қазақтың қайраткері деу керек екенін атап өтті. Ұлтшылдық туралы айта келіп, Болатхан Тайжанды қазақтың бар мәселелерін көтере білген ұлтшыл екенін жеткізді. Екінші баяндамашы Расұл Жұмалы дипломаттық өміріне тоқталып, Болатхан Тайжан басқарған елшілікте қазақ тілін білмейтін адамға орын жоқтығын айтты.

Әміржан Қосановтың баяндамасы алдағы уақытта газеттер мен интернет басылымдарында жарық көретінін ескерте кетейін.

Тағы бір қызық жағдай, Айсұлу апамыздың айтуынша, сонша жоғары лауазымды қызметте жүріп, талай қазақты баспаналы етсе де Болатхан Тайжанның отбасы 8 жыл бойы коммуналдық пәтерде тұрып келіпті. Болатхан атамызға салса, одан да ұзақ уақыт тұра бермек екен. Айсұлу апамыз: «Мен әйел затымын ғой, арасында өзіміз пәтер алсақ деген ойымды айтып тұрдым. Ол кісі кейінге қалдыра берді. Ақыры соңында 8 наурыз күні мерекелік мүмкіншілігімізді пайдаланып, өтініш жазып, сол кездегі министрдің бірінші орынбасарына кірдік. Өтінішті оқып таңғалған министр: «Бөке, бұл рас па?» – деп таңғала сұрақ қойды. Солай пәтерлі болғанбыз», – деді. Шынымен де қарапайымдылықтың үлгісі деуге боларлық іс.

Дөңгелек үстел барысында сөз алған Серікболсын Әбділдин ақсақал Болатхан Тайжанның Тәуелсіздіктен бұрынғы және кейінгі еңбектеріне тоқтала келіп, Болатхан Тайжанның қылышынан қан тамып тұрған кеңес үкіметінің кезінде-ақ ұлтшылық көзқарастағы ойларын айту мен істеуден қорықпай, өз ойын ашық білдіріп жүрген саусақпен санап аларлық ұлтшылдардың бірі деді. Ал ақын Софы Сматаев Болатхан Тайжанға студент кезінде Мәскеуде қазақтың әйгілі Мұхтар Әуезові кездесіп, Алаштың аманатын тапсырып кеткенін айтты.

Алаштың аманатын арқалаған Болатхан Тайжанның аманаты, «Әке аманаты» – енді біздің мойнымызда. Деректі фильмнің соңында қайраткер атамыз «Қазақстанның толыққанды қазақ сипатты, қазақ тұлғалы мемлекет болғанын көре алмай кетем бе?» деп қорқам деген сөзі келтіріліпті. Бұл да болса орындалмай кеткен әке аманаты болса керек. «Жақсыдан шапағат» дейді, күрескердің шапағаты бәрімізге тиіп, «Әке аманатының» орындалуын нәсіп етсін. Аманатқа қиянат жасар ұрпақ болуды Алла сақтасын деп тілейік!

Тұрдыбек Құрметхан


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар