Болат Назарбаевтың қызы 50 жасын дүркіретіп тойлады

Қаракөз Амантай 25 шіл. 2025 10:59

Болат Назарбаевтың қызы, бұрынғы судья Гүлмира Әбішева 50 жас мерейтойын атақты әншілер мен лауазымды тұлғалардың ортасында атап өтті. Мерейтой 23 шілдеде өткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ақпаратқа сенсек, мерекелік кешке әнші Шамхан Далдаев, Алматы қаласы Алатау аудандық полиция басқармасына қарасты бөлімше басшысының орынбасары Асет Көпешбаев пен әріптесі Самат Берістемов, Алматы қаласының судьясы Саида Болат, Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімінің орынбасарының жұбайы секілді бірқатар қонақ қатысқан.


Айта кетсек, Әбішева кезінде сот саласында ұзақ жылдар еңбек еткен. Ол қызметін Бас прокуратурада бастап, кейін әділет органдарына ауысып, одан әрі Алматыдағы жылжымайтын мүлік басқармасында жалғастырған. 2006 жылдан бастап Жетісу мен Қарасай аудандық соттарын, сондай-ақ Қарасай ауданы әкімшілік сотын басқарды.

Сонымен қатар Гүлмира Әбішеваның есімі қазір мемлекетке 26 миллиард теңге қарызы бар "GB Invest" компаниясымен тығыз байланысты. Бұған дейін аталған мекеме Бас прокуратураның тергеуіне іліккен еді. Компания тауарлардың кедендік құнын жасанды түрде төмендетіп, мемлекет қазынасына үлкен шығын келтірген деген айыппен тергелген.

Гүлмира Әбішева – Болат Назарбаев пен Гүлжан Назарбаеваның қызы. Ұзақ жылдар сот саласында қызмет еткен ол бүгінде ірі бизнес-құрылымдарға қатысы бар тұлға ретінде жиі аталады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар