Болат Бақауов: «Павлодарды абаттандырылуы бойынша жұмыс жиналыстарын ай сайын өткіземіз»

Dalanews 09 қаң. 2020 16:28 692

Бүгін Павлодар қаласын көріктендіру жұмыстары туралы мәселелер әкімдікте өткен жиында талқыланды.

Қалалық әкімдікте өткен жиынға мемлекеттік органдардың басшылары ғана емес, коммуналшылар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері де қатысты. Қала әкімі Қайрат Нүкеновтің айтуы бойынша биылғы жылы 36 қала көшесіне асфальт төселетін болады. Бұл жұмыстарға 1,2 миллиард теңге қарастырылды.

Сонымен қатар, Амангелді және Димитров көшелерін кеңейту жоспарланып отыр. Амангелді көшесі 1 май көшесінен Назарбаев даңғылына дейін, Димитров көшесі Қамзин көшесінен Павлов көшесі аралығында кеңейетін болады. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына орай Павлодарда ақынның аты берілген көшені абаттандыру жоспарланып отыр.

– Бұл жұмыс үшін сіз жеке жауап бересіз, – деді қала әкіміне аймақ басшысы Болат Бақауов. – Көшені ғана көріктендіріп қоймай, мұнда орналасқан үйлердің сыртқы келбетіне де мән беру керек. Ол үшін әр үй иесімен жеке сөйлесіп, осы мәселені талқылау қажет. Тұрғындар өз үйлерінің қақпасы, қоршауы, шатырларын жөндеулері қажет. Бір айдың ішінде Абай көшесін көріктендіру жұмыстары бойынша нақты концепция құрылуы қажет.


Сонымен бірге, Павлодар облысының әкімі қаланы жарықтандыру мәселесін шешуді жүктеді. Ол осы мақсаттарға қажетті қаражатты тауып беруге уәде берді. Алдын ала есептулер бойынша қала көшелеріне жарық шамдарын орнатуға бір миллиардтан астам қаржы керек.

– Өкінішке қарай, облыс орталығын абаттандыру тек бюджет пен демеушілер қаржысының есебінен жүргізіліп отыр, – деді Болат Бақауов. – Кәсіпкерлер бұл жұмыстарға мүлдем қатыспайды. Әр бизнесмен өз кәсібін ашқан аумақта, мейлі ол, жанар-жағармай станциясы, дүкен немесе жеке ауласы болса да, ол жерді көріктендіруге ат салысуы керек. Осы мәселе бойынша әр кәсіпкермен жеке сөйлесу қажет.

Облыс әкімі теміржол бекеті мен вокзал маңындағы алаңның жағдайына назар аударды. Оның айтуы бойынша, «қала қақпасын» тиісті қалыпқа келтіру қажет.

– Облыс орталығын көріктендіру жұмыстары туралы жиналыстарды ай сайын өткізіп тұрамын, – деді ол. – Павлодар – біздің ортақ үйіміз, оны көріктендіру жұмыстарына билік те, қоғам өкілдері де, кәсіпкерлер мен тұрғындар да бірдей ат салысулары қажет.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар