Дамыған елдердің жетекші оқу орындарында білім алған «болашақтықтар» қазіргі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды интеллектуалды ұлтқа айналдыру жолындағы асыл арманын жүзеге асыруға бел буып, білек сыбана кірісіп кетті. Осы ретте еліміздің «Интеллектуалды ұлт» жобасын дайындап, іске асыруда «Болашақ» бағдарламасын бітіріп келген түлектердің алатын орны ерекше. Осы маңызды жобаны қолға алғанда Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев осыған орай:
– Ең алдымен, біз «Болашақ» бағдарламасының әлеуетін пайдалануға тиіспіз. Мен бұл саладағы талдауды мұқият қарап шықтым. Қазіргі күні шетелде білім алып, елге келген ондаған мың «болашақтықтар» бар. Тағы да мыңдаған жасымыз әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алуда. Бұл Қазақстан үшін керемет адами әлеует болып табылады. Біз алдағы уақытта осы мүмкіндігімізді пайдаланып, елімізді өркендетуіміз керек, – деп Елбасы ойын ортаға салған болатын.
Иә, қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған жастарымыз ғылыми зерттеулер ісімен айналысып, еліміздің абыройын асқақтатып жүр. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсу үшін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жас ғалымдарды қолдау үшін мемлекет тарапынан арнайы грант бөлгенін білеміз. Осылайша, 2020-2022 жылдарға арналған жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерін гранттық қаржыландырудың жалпы көлемі 9 млрд теңгені құрады. Жыл сайын 3 млрд теңгеден бөлініп отырмақшы.
Қазіргі кезде мемлекеттік ғылыми-техникалық және экономикалық сараптамалар нәтижесі бойынша ұлттық ғылыми кеңестер келесі 7 басымдықты бағыт бойынша жас ғалымдардың 1013 өтінімін іріктеп алған.
Соның ішінде энергетика және машина жасау саласынан – 102 өтініш, табиғи ресурстарды, оның ішінде су ресурстарын, геологияны, қайта өңдеуді, жаңа материалдар мен технологияларды, қауіпсіз бұйымдар мен конструкцияларды ұтымды пайдалану – 313 өтініш, жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылыми зерттеулер, ақпараттық, телекоммуникациялық және ғарыштық технологиялар бойынша 167 жоба іріктелген. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі бойынша – 139 жоба, өмір және денсаулық туралы ғылым – 127, «Мәңгілік ел» ғылыми негіздері (XXI ғасыр білімі, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер –155, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласында 10 өтініш түскен.
Мемлекеттің грантына ие болған жас ғалымдардың көпшілігі «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алып, бүгінде елге оралып, отандық ғылымның көшін өрге сүйреп жүрген жастар көп. Қалай десек те, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың зияткер ұлт құру турасындағы асыл арманы осылай елімізде іске асуда. Ал оның басында «Болашақ» бағдарламасының түлектері жүргені тіпті қуантады. Осы бір тізбектелген жүйе таяу болашақта Қазақстанды зияткер ұлтқа айналдырып, елімізді өркендете түспек.