Блок-посттар тұр: Қордайдағы ахуал қандай?

Dalanews 12 ақп. 2020 10:15 624

Қордай ауданында техногендік төтенше жағдай сақталуда. Құқық қорғау органдары күшейтілген режимде жұмыс істеуде, деп хабарлайды Dalanews.kz Жамбыл облысы әкімдігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Орын алған оқиға зардаптарын қалыпқа келтіру, қақтығыс салдарын жою шаралары белсенді жүргізілуде. Қазіргі таңда Қаракемер, Масаншы, Бұлар батыр, Сортөбе, Қарасу, Ауқатты ауылдарының барлық кіріс – шығыстарына блок-посттар қойылып, көшелерде қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстары жүргізілуде.

Орын алған төтенше жағдай салдарынан 30 тұрғын үй мен 17 коммерциялық нысан және 47 автокөлік өртенген десек, бүгінде алдын-ала жасалған есептеулерге сәйкес, келтірілген залал көлемі анықталуда.


Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр ауылдарында қақтығыстан зардап шеккен азаматтармен жұмыс жасау мақсатында, арнайы топтар құрылып, мобильді халыққа қызмет көрсету қызметі ұйымдастырылды. Кеше 2 азаматқа жеке куәлік, 320 балаға шекарадан өтуге анықтама, 45 неке туралы куәлік, 6 азаматқа жылжымайтын мүліктерге құжаттар берілді. Бұл жұмыс күнделікті жалғасын табуда.

Көше бойындағы өртенген автокөліктерді, қоқыстарды тазалау жұмыстары толық аяқталды. Оған 30 техника мен 125 адам жұмылдырылды. Бүгінгі таңда барлық әлеуметтік нысандар, яғни, мектептер мен балабақшалар, сауда орындары мен дәріханалар қалыпты жағдайда жұмыс жасауда.

Айта кетейік, аталған ауылдардағы зардап шеккен тұрғындарға Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылынан Қазақстан Ассамблеясы мүшелерінің ұйымдастыруымен 20 тонна көлемінде гуманитарлық көмек жетсе, Алматы қаласының маслихат қызметшілері "Қызыл ай" қорымен бірлесе 54 бөтелке ауыз су, 124 кг ұн, 60 қорап азық-түлік пен өзге де қажетті заттарды жолдаған.

Сондай-ақ, Жамбыл облысының "Вынхуа" этномәдени бірлестігінің волонтері Парса Рамазан қаза болған 4 отбасының мүшелеріне 400 мың теңгеден материалдық көмек көрсетіп, азық-түлікпен қамтамасыз еткен.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар