Блогер Махмуд Хикматовқа халықаралық іздеу жарияланды

Блогер Махмуд Хикматовқа халықаралық іздеу жарияланды
Ашық дереккөз.

Өзбекстан азаматы, «Маха.dxb» бүркеншік атымен танымал блогер Махмуд Умидович Хикматовқа халықаралық іздеу жарияланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2000 жылғы 19 ақпанда туған Хикматов «SultanGames», «PINCO», «Nomadcasino», «Pin-Up», «Vavada» және басқа да заңсыз интернет-казиноларды жарнамалап, насихаттады деген күдікке ілінген. Сот оған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпас шарасын санкциялаған.

ҚМА мәліметінше, Қазақстан аумағында интернет-казинолардың заңсыз қызметіне жағдай жасайтын тұрақты жүйе жұмыс істеген. Оның аясында интернет-казино интерфейсі ұсынылып, ақша қабылдау және төлем жасау жолға қойылған. Бұл ретте эквайринг, мобильді төлемдер мен криптовалюта пайдаланылған. Сонымен қатар ел азаматтарын құмар ойындарға көптеп тарту үшін жарнамалық материалдар таратылған.

Заңсыз интернет-казиноларды жарнамалау үшін ұйымдастырушылар Хикматовты тартқан. ҚМА мәліметінше, оған Қазақстанда жұмыс істейтін инфлюенсерлерді тауып, солар арқылы жарнамалық материалдарды жариялауды ұйымдастыру міндеті жүктелген.

Осы мақсатта Хикматов блогерлерден әлеуметтік желілердегі парақшаларының статистикасын, оның ішінде жазылушыларының демографиялық және географиялық көрсеткіштерін, сондай-ақ жарияланымдарының аудиторияны қамту көрсеткіштерін сұратқан. Жарнама құны осы мәліметтерге байланысты белгіленген.

ҚМА мәліметінше, Хикматов барлығы 35-тен астам блогерді, оның ішінде блогер Қамза Қ.-ны тартқан.

Агенттік мәліметінше, аудиториясы ауқымды Қамза Қ. интернет-казиноларға апаратын рефералдық сілтемелерді жариялап, Қазақстан азаматтарын тыйым салынған құмар ойындарға тартқан. Ол пайдаланушылардың әрбір сілтемеге өтуі үшін сыйақы алып отырған.

ҚМА бұған дейін Қамза Қ.-ның 6 тамызда Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланғанын хабарлаған.

Қаржылық мониторинг агенттігі іздеудегі Махмуд Хикматовтың қайда жүргені туралы ақпарат білетін азаматтарды ведомствоға хабарласуға шақырды.