БЖЗҚ-дан ақша алу ісі: ҚМА іздеген адамның бірі үндеу жасады

Cағыныш Сардарова 09 қаз. 2025 15:36

Жуырда Қаржылық мониторинг агенттігі жалған стоматологиялық клиникалардың иелерін іздестіріп жатқанын мәлімдеді. Әлеуметтік желіде ҚМА іздеген адамның бірі үндеу жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мән-жайы

Агенттік мәліметінше, мына адамдар іздестіріліп жатыр:

  • Дүйсенов Аслан Қамбарұлы, 01.04.1992 ж.т.
  • Иманбаев Габбас, 18.05.1998 ж.т.
  • Елешев Есімхан Баяндиевич, 11.09.1987 ж.т.

"Олар 46 млрд теңгеден аса қаражатты БЖЗҚ-дан заңсыз шығару мақсатында қылмыстық схемалар ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Бұл мақсатта олар тіс емдеу қызметі көрсетілгендей жалған медициналық құжаттар рәсімдеген. Олар Маңғыстау және Атырау облыстарындағы 7 стоматологиялық клиниканы пайдаланған. Бұл мекемелер іс жүзінде ешқандай медициналық қызмет көрсетпеген", - деп жазылған бұған дейінгі хабарламада.

Оларға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу қолданылған.

"Айыпталушылардың бірі, яғни Дүйсенов А.Қ. бұрын полиция қызметкері болған, алайда теріс себептер бойынша жұмыстан шығарылған. 2016 жылы ол Қылмыстық кодекстің 105-бабы ("Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу") және 362-бабы ("Қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану") бойынша ауыр қылмыс жасағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылған", - деді ҚМА өкілі бұған дейін.

Желідегі үндеу

Instagram-дағы atyrauoil.official парақшасында атыраулық Аслан Дүйсеновтің үндеуі жарияланды. Аслан Дүйсеновтің сөзіне сенсек, бұл істе ешқандай алаяқтық жоқ,стоматология заңды түрде жұмыс істеген.

"Ешкімді алдап, ақысын жеген емеспіз. Ресми стоматология жұмыс істеді. 46 млрд деген өтіріктеу, 46 млрд болған жоқ. Өзімнің шотымдағы айналым көрініп тұр. Оның алдында бір кәсіпкерден сатып алғанмын, заң жүзінде лицензиямыз - бәрі бар, мамандар жұмыс істеп келді. ҚМА тарапынан тексеріс жүргізіліп, стоматология тоқтап тұр. Оған дейін өз тарапымыздан ресми жұмыс істедік", - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар