"7-20-25" ипотекалық бағдарламасының шарттарына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ұлттық банк мәліметінше, "7-20-25" жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй несиелеу бағдарламасын бекіту туралы қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістер 2025 жылғы 26 қыркүйектегі №59 басқарма қаулысымен қабылданған.
Қаулыға сәйкес, сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны төмендегідей болып артты:
– Астана, Алматы және олардың іргелес аймақтарында, сондай-ақ Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында — 25 миллион теңгеден 30 миллион теңгеге дейін;
– Қарағанды қаласында — 20 миллионнан 25 миллион теңгеге дейін;
– өзге өңірлерде — 15 миллионнан 20 миллион теңгеге дейін.
Сонымен қатар енді қарыз алушылар өздерінің төлем қабілеттілігін растау үшін бірлескен қарыз алушылармен қатар, кепілгерді де тартуға мүмкіндік алады.
Құжатта несие өтінімін қарастыру кезінде қарыз алушының табысының үздіксіздігі маңызды шарттардың бірі ретінде көрсетілген.
"Аталған өзгерістердің басты мақсаты – тұрғын үйдің қолжетімділігін кеңейту, ипотекалық несие алу шарттарын икемді әрі тиімді ету. Бағдарлама шеңберіндегі өзге талаптар мен параметрлер өзгеріссіз қалады", – деп атап өтті Ұлттық банк.
Еске сала кетсек, "7-20-25" бағдарламасы 2018 жылы халыққа жылдық 7 пайыз мөлшерлемемен, алғашқы жарнасы 20 пайыздан бастап, 25 жылға дейінгі мерзімге қолжетімді ипотека ұсыну мақсатында іске қосылған болатын.