Ресей Қазақстанға газ жеткізетін болды

Көркем Алдабергенова 09 қаз. 2025 12:51

8 қазанда Қазақстанның премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр мен ресейлік «Газпром» компаниясының басшысы Алексей Миллер жаңа магистральды газ құбыры жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Ресейден Қазақстанға бағытталған жаңа газ құбыры жобасын жүзеге асыру жөнінде келісімге қол қойылды. Құжатта Орынбор газ өңдеу зауытының жаңғыртылатын нысандарында Қарашығанақ газының өңделуіне қатысты ынтымақтастық тетіктері қарастырылған», - делінген «Газпромның» ресми сайтында жарияланған хабарламада.

Еуропаға газ жеткізу мүмкіндігінен айырылғаннан кейін Ресей жаңа нарық іздеуге кіріскен еді. Өткен жылы Ресей президенті Владимир Путин мен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев Ресей газын Өзбекстанға тасымалдау туралы келісімге келген болатын. 2024 жылы Ресейден Өзбекстанға 5,6 миллиард текше метр газ жеткізілді, ал алдағы жылдары бұл көлем 11 миллиард текше метрге дейін ұлғаймақ.

Бұған дейін халықаралық басылымдар Мәскеудің газ экспорты саласындағы дағдарысқа қарамастан, ресейлік газды Солтүстік Қазақстанға жеткізу бағытында белсенді әрекет етіп жатқанын жазған. Мұнай мен газ қоры мол батыс өңірлеріне қарамастан, Қазақстанның солтүстік бөлігі әлі күнге дейін толық газбен қамтылмаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар