Бізге білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл кадрлар керек - Тоқаев

Қаракөз Амантай 28 қаң. 2025 15:53 827

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел экономикасын дамыту мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған негізгі басымдықтарды айқындады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Президент ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту, ядролық энергетиканы ілгерілету, агроөнеркәсіп кешенін нығайту және инвестиция тарту мәселелерін басты назарда ұстау қажет екенін атап өтті.

“Экономикамыз дамып жатыр. Бірақ оның қарқыны ойдағыдай емес. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Оны алдағы бес жылда орындауымыз керек. Бізге, ең алдымен, білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл кадрлар керек. Дәл осындай мамандарды тауып, оларды басшылық лауазымдарға тағайындаймыз”, - деді ол.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын арттыру басты мақсат екенін ерекше атап өтіп, барлық жоспарды сапалы орындау қажет  екенін ескертті.

“Бүгін біз еліміздің 2024 жылғы даму нәтижесін қарадық. Қордаланған мәселелерді талқылап, алдағы міндеттерді айқындадық. Басты мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Алдағы жоспардың бәрін сапалы орындау қажет.

Сөз соңында тағы да атап өткім келеді: бізге нақты нәтиже керек. Нәтиже болса ғана даму болады”, - деп қосты ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар