2019 жылы 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналардың тікелей эфирінде xалыққа маңызды жолдау жасап, мерзімінен бұрын Қазақстан Президентінің өкілеттігін тоқтататыны туралы хабарлаған болатын. Осылайша, басшылық Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтеді. Бүгінде оның мемлекет басшысы болып сайланғанына 5 жылға таяп қалды. Ал 2022 жылы 20 қарашада өткен сайлау нәтижесінде ол 81 пайыздан артық дауыс жинап, жеңіске жетеді. Нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымындағы жаңа 7 жылдық өкілеті басталады.
Ендеше Қазақстанның екінші президенті 5 жылда не тындырды? Елде не өзгерді? Бұл туралы Dalanews.kz агенттігі саясаттанушы Дос Көшімнің пікірін сұрады. Ол мемлекет басшыларының әрекетіне саяси бағасын берді.
Саясаттанушының пікірінше, Тоқаев билікте төбе көрсеткелі айтарлықтай саяси өзгеріс орын алмаған. Тіпті қазіргі таңда "Жаңа Қазақстанның" ауылы алыс екенін алға тартады.
"Өз басым ешқандай өзгешелік көріп жатқаным жоқ. Тек бір нәрсе өзгере ме деген үміт бар. Кез келген жаңа президент келгенде міндетті түрде үміт болады. Бірақ 5 жыл ішінде саяси не әлеуметтік-экономикалық бағытта ерекшелік болмады. Сондықтан әлі Жаңа Қазақстанға өткеніміз жоқ", - дейді Дос Көшім.
Айтуынша, Тоқаевтың ұстанымы Назарбаев жүйесімен етене жақын. Сондықтан мемлекет басшысы Тұңғыш президенттің жолын жалғау мақсатында жұмысын жалғастыра бермек.
"Тоқаев Назарбаевтың орнын басты және басамын деп айтты. Сол Назарбаев жұмысының сабақтастығы деген сөзді өте жиі қайталады. Сабақтастық дегеніміз соның жолын жалғастырушы деген сөз. 2019 жылы сайлауға түскенде сайлау алды бағдарламасында алға қойған мақсатының ішінде "Назарбаев моделі" деген сөзді айтты. Яғни, осы жолды жалғастыратынын жеткізді. Сондықтан өзінің алдыға қойған мақсат-мүддесін жүзеге асырып жатыр деп ойлаймын. Негізгі мақсаты – сол жүйені сақтап қалу. Сол биліктің түрін, әкімшілдік-әміршілдік жүйені сақтап қалу бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр", - дейді ол.
Саясаттанушы "Ескі Қазақстанға" қарсы ұстанымдар жиі айтылғанымен, іс жүзінде оны өзгертетін нақты қадамдардың ақсап тұрғанын баса айтты.
"Иә, Тоқаевтың айтқан сөздерінің бәрі жақсы. Құрылтайда яки Халыққа жолдау жасасын нақты әрі дөп басып белгілі бір проблемаларды көрсете біледі. Бірақ оның жүзеге асып жатқаны шамалы, тіпті жоқ деп айтуға болады. Оның себебін мен әлі білмеймін. Біреулер қалыптасып қалған билік оның айтқанын жүзеге асырғысы келмейді дейді. Алайда менің ойымша, Тоқаевтың өзі де аса өзгертуге құлықты емес деп ойлаймын", - дейді Дос Көшім.
Осы тұста ол Тоқаевтың дәуірінде "Жаңа Қазақстан" орнамайтынын жеткізді. Айтуынша, еліміз "ұрандар" кезеңіне аяқ басты.
"Тоқаевтың кезінде "Жаңа Қазақстан" орнамайды. Иә, енді ол ұран ғой. "Әділетті Қазақстан", "Тыңдайтын Үкімет", "Жаңа Қазақстан" деген бұл ұрандық деңгейдегі идеологиялық штамп. Мұндай сөздерді Кеңес Үкіметі кезінде де, басқа елдерде де қолданылып келді. Бірақ менің ойымша, "Жаңа Қазақстан" дегеніміз не? Оның қандай шарттары бар? Қандай өзгеріс болғанда "Жаңа Қазақстан" орнайды деп айта аламыз? деген сұрақтарды Тоқаевқа ешкім қойып отырған жоқ. Демек ары қарай ешқандай саяси өрбу болмайды. Яғни, осы әкімшілдік-әміршілдік жүйе әлі де жалғасады. Себебі жаңа топ келген жоқ. Жаңа бағыттағы саяси күш жоқ және оны көре алмай отырмыз. Бәрі бұрынғы биліктегі адамдар. Бірінің орнын бірі ауыстырды. Үкімет ауысты, партиялар болды деген сөздер ғана. Бірақ олардың бәрі сол бұрынғы адамдар. Бұрынғы партиялар. Тек аттарын ауыстырады. Біреуі "Нұр Отан", біреуі "Аманат" болады. "Республика" деген партия құрылды. Олар не істеп жатыр – бұл турады ешкім білмейді. Қысқасы, біз ұрандар кезеңіне өткен сияқтымыз. Ал саяси қадам қай уақытта жасалады? Саяси бағыт қандай да бір саяси күш келгенде жасалады. Ондай саяси күш қазір жоқ. Оппозиция мүлдем жоқ. Оны өздеріңізде көріп отырған шығарсыздар. Оппозициялық бағыттағы топтар да жоқ. Иә, оппозияциялық жеке адамдар, жеке ой-пікір бар. Олар әрқашан болады. Бірақ оппозициялық саяси күш болмағаннан кейін олардың айтқаны сол күйінше қалады", - деп сөзін қорытындылады саясаттанушы.
Еске салайық, Назарбаев 1989 жылдан бері билікте төбе көрсетті. Нақтырақ айтсақ,1990 жылы 24 сәуірде Қазақ КСР-ның Жоғарғы кеңесі президент лауазымын бекітті. Ел басшылығына Жоғарғы Кеңес Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. Бұл уақытта Назарбаев Қазақ КСР Коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметінде 1989 жылдың 22 маусымынан мемлекетті басқарып отырған еді. 1991 жылдың 1 желтоқсанында елде тұңғыш рет жалпыхалықтық президент сайлауы өтті. Мемлекет басшысы лауазымына жалғыз үміткер Нұрсұлтан Назарбаев 98,78% дауыс жинады.