Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Сара Назарбаеваның төңірегіндегі алыпқашпа әңгімелер мен қауесеттерге қатысты пікір білдіріп, қоғамда туындаған күмәнді болжамдарға нүкте қоюға тырысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Біз сырқатпен күресіп жатқан адамға тым қатігездік таныттық. Ашығын айтқанда, мен де бұл жағдайдың бүге-шігесін білмеймін, өйткені бұл — жеке адамның, Тұңғыш президенттің отбасының жеке мәселесі. Ал біз оның қаза тапқаны жөнінде хабар таратып жібердік. Бұл, меніңше, қатыгездік. Егер шынымен сондай жағдай орын алса, ресми түрде хабарланады. Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай марқұм болды деген ақпаратты жоққа шығарды — бұл дұрыс шешім болды. Әрқашан сенімді дереккөздерге сүйену керек”, — деді Балаева.
Министрге осындай ақпараттық вакуумның не себепті қалыптасқаны, неге тиісті органдар үнсіз отырғаны жөнінде де сұрақ қойылды. Бұған қатысты Аида Балаева қысқа ғана жауап берді.
“Бұл мәселе бойынша біз де толыққанды ақпарат ала алмай отырмыз”, – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Назарбаевтар зиратында тағы бір зират пайда болғаны туралы ақпарат тарады.
TikTok желісінде тараған видеода автор Болат Назарбаевтың жұбайының, өзінің зиратын көрсетіп, жақын арада тағы бір зират пайда болғанын айтады.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайды түрліше жорып жатыр. Кейбір желі қолданушылары мұны Сара Назарбаеваға қатысты жағдаймен де байланыстырған.
Әкімдік жауабы
Қарасай ауданы әкімдігі желіде тарап кеткен видеоға қатысты Tengrinews.kz басылымына жауап берген.
Әкімдік мәліметінше, Назарбаевтар әулетінің Шамалған ауылындағы зиратында 2024 жылы желтоқсанда қайтыс болған басқа адам жерленген.
"Діни рәсімдер мен дәстүрлерге сай жерленді. Қазір қабірде ешқандай жазу не тақтайша жоқ, алайда марқұмның туыстарының айтуынша, жақын арада тақтайша орнатылады", – деп жазылған әкімдік жауабында.
Бұған дейінгі жағдай
Айта кетейік, бұған дейін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айдос Үкібай БАҚ-та тарап жатқан ақпаратқа пікір білдіріп, Сара Назарбаева аман екенін мәлімдеді.