"Әр аймақта болған кездесулерде халық тарапынан түрлі ұсыныс-пікірлер айтылып жатады. Оларды сараптап министрлікке жолдап отырмыз. Барлық салада қазақ тілін дамыту тетіктерін реттеудің ең тиімді жолы – жаңа «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау.
Құқықтық мемлекетте барлық мәселе заң аясында шешілуі тиіс. Осы уақытқа дейін посткеңестік елдер бұл бағытта бір емес, бірнеше заң шығарды.
Мәселен, Латвия 1989 жылы шығарған «Мемлекеттік тіл» туралы заңын, қоғамдағы тілдік жағдайдың өзгергенін ескеріп, 2004 және 2015 жылдары қайта қабылдады. Әр бес-он жылда тілдік және саяси ахуал, демография есебі өзгеріп отыратыны мәлім. Заң қоғамнан қалып қоймай, оны жетелеуші, дамытушы күшке айналуы тиіс. Ал Қазақстан Кеңес өкімет кезінде қабылданған, қоғамдағы қос тілділікті дамытатын, сақтайтын 1989 жылғы «Тіл туралы» Заңымен әлі отыр. Онымен мемлекеттік тілдің жолын аша алмаймыз, дамыта алмаймыз, қазақ тіліне деген қажеттілікті орната алмаймыз, орыс тілділердің қазақша сөйлеуге құлықсыз болып келе жатқанының ең бірінші себебі де сол.
Біздің қоғамдағы орыс тілді азаматтардың көпшілігі орыс тілінің қолданыс аясы тарылған сайын, желкенінен айырылған кеме секілді күй кешетіндей сезінеді. Кеңес Одағынан бөлініп шыққан елдерді қарасақ, Латвия, Литва, Эстония мемлекеттерінде ұлттық тіл – мемлекеттің тілі - орыс тілін қолданыстан ығыстырып шығарды. Прибалтика елдері мен Грузия мемлекеті 1991 жылы-ақ оқу жүйесінен орыс тілі мен әдебиетін шығарып тастады.
Тек қана қазақтар мен қырғыздарда ғана қос тілділік сақталған. Қырғыздардың жағдайы бізбен салыстырғанда әлдеқайда тәуір. Біз – ең көп орыстанып кеткен елміз. Біздің ұлттық мемлекет ретінде дамуымызға екі үлкен топ кедергі келтіріп отыр. Олардың бірі – билік басында отырған орыстілді шенеуніктер болса, екіншісі – орыс мәдениетімен сусындаған өзіміздің қазақтарымыз.