Біртанов: "Коронавирус? Оның белгілері бес-алты сағатта анықталады"

Dalanews 05 ақп. 2020 02:52 738

ҚР Денсаулық сақтау министрі коронавирус індетінің таралуынан қорыққандарды даурықпауға шақырды деп хабарлайды Dalanews.kz КТК арнасына сілтеме жасап.




Әзір кеселдің кесірінен ауруханаға жатқызылғандар үйіне қайта бастаған. Дегенмен емдеу мекемелерінде ем қабылдап жатқандар әлі бар. Қытайдан келген бұл науқастар үшінші рет арнайы зерттеуден өткізілмек.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандартына сай еліміздегі мамандар коронавирусті анықтайтын тестті қолданысқа енгізіп, тиімділігін байқауда.


Ресейліктердің тестімен зерттеулер сәйкес келген. Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің әлі де күдігі басым. Сол себепті, Қытайдан келетін тестерді күтіп отырғандары белгілі болды.

Ал коронавирусты айғақтап беретін тест министр Елжан Біртановтің айтуынша, арзан емес. Сондықтан, оны кім көрінгенге жасай беруге де болмайды. Тексерілу үшін аурудың белгілері байқалуы тиіс.

– Аталған зерттеу адамда ауру белгісі анықталғанда ғана жасалады. Дене қызуы, жөтелу сынды белгілер адамдардың 99 пайызында кәдімгі тұмау болып шығуда.

Қытайдан келген адамды толық тексеруден өткізе беруге негіз жоқ.


Коронавирусқа шалдыққан адамды тез арада тексеріп, бес-алты сағат ішінде диагнозын анықтауға болады. Біз 18 миллион халыққа анализ жасай алмаймыз. Қажеттілік те жоқ, – деп Елжан Біртанов өз ойын ортаға салды.

Вирустың өршуіне байланысты Қазақстан Қытаймен арадағы барлық қатынасқа шектеу қойғаны белгііл. Дегенмен әуежай, авто және теміржол вокзалдарында жолаушылар әлі де тексерілуде.

Мәселен, Ресей және  Қырғызстанмен арадағы кеден бекеттерінде санитарлар жүр. Еліміздің бас дәрігері көрші елдермен шекараларды ешқандай күшейтілген санитарлық режімге көшірудің қажеті жоқ деп санайды.

– Еуразиялық одақ шартына сәйкес, Қазақстан Қырғызстанмен және Ресеймен шекараны бақыламайды. Бұл елдер жағдайы қолайсыз елдерге жатпайды. Ол жерде кедендік және шекаралық бақылау жұмыс істейді. Біз одақ аясында бірыңғай кедендік аймақ болғандықтан, шекарада күшейтілген санитарлық бақылау енгізудің қажеті жоқ, – деді министр.

6-шы қаңтардан бері Қытайдан елімізге 30 мыңнан астам адам келген. Оның 29 мыңы – қазақстандықтар. Бүгінде стационарларда 33 науқас жатыр. Олардан коронавирустың белгісі анықталмаса да, дәрігерлер ем-дом жасауды жалғастыруда.


– Қазір 33 адам ауруханада қалды. Ал 61 адам стационардан шығарылды. Күн сайын ауруханадан шыққандардың саны артуда. Барлық ауруханадан алынған сынамалар қосымша бақылану үшін Алматыдағы Ұлттық ғылыми ерекше жұқпалы аурулар орталығына жіберіледі, – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп.

 Ал елордаға арнайы әуе бортымен Уханьнан жеткізілген студенттер инфекцияға қарсы көпсалалы ауруханада жатыр. Карантинде жатқандардың жағдайы жақсы. Бәріне жеке заттары мен телефондары санитарлық өңдеуден өткізіліп, берілген.


Министр Біртанов жалпы коронавирус індетінен шошынған жұртты дүрлікпей, сабыр етуге шақырды. Елімізде аурудың тіркелмегенін айтқан ол кеселге қарсы тұруға сақадай-сай екенін тілге тиек етті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар